Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚАЛАЙ ЖҮРУДЕ?

     Таяуда, ауданға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов бастаған қонақтар арнайы ат басын бұрып,  медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізді.

    indexjts        

     «Арман» мәдениет үйінде өткен жиынға тұрғындар, бөлім басшылары, округ әкімдері мен мекеме есепшілері қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев аталмыш жүйе бойынша ауданда жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның түсіндіруінше ауданда сақтандырылмағандар санатында 3242 адам бар. Олардың басым бөлігі жұмыссыздар.    Ақпараттандыру бойынша газет бетінде, әлеуметтік желілерде және тұрғындар көп жиналатын жерлерде тұрақты түрде түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұдан басқа аудандық емханада медициналық сақтандыру бағытында туындайтын сұрақтарға жауап беретін арнайы бір маман жұмыс жасайды.

   Бұдан кейін мінбеге көтерілген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов:

   – Баршаға белгілі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс жасап келеді. Бұл жүйе Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең
қолжетімділік жасауға кепілдік береді. Екі жыл ішінде сақтандыру жүйесі облыс бойынша бір ізге түсті. Барлық мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне тиісті жарнасын аударып, уақытылы түсіп тұр. Ендігі мәселе – жеке кәсіпкерлерде. Әсіресе, өз қызметкеріне жарнаны жинап бір аударатын кәсіпкерлер көп. Олай болмайды. Жарна ай сайын аударылып тұруы тиіс. Сондай-ақ, елімізде жарна төлемей-ақ тегін медициналық қызмет алатындар бар. Оларға балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер және «Алтын алқа, «Күміс алқа» иелері жатады. Жалпы сақтандыру қоры халықпен 24 сағат байланыста отырады. Сол мақсатта арнайы 1406 нөмірі жұмыс жасайды. Одан бөлек «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы бар. Сол қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, өзіңізге аударылған жарнаны, медицинлық қызметтерді біліп отыруға болады, - деді.

    Бұдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Анар Уайсова сөз алып, облыс бойынша денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Жиын соңында қонақтар тұрғындардың қойған сауалдарына жауап беріп, қосымша жеке қабылдау өткізді.

 Дулат БЕРІКҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT