Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустан қорғанамын деп маска іздеп әлек болудың қажеті жоқ.
Бар болғаны қолды таза ұстап, жеке гигиенаны сақтау керек. Мұндай пікірді ҚР жұқпалы аурулар бойынша жетекші маманы Баешева Динагүл Аяпбекқызы айтты. Дәрігердің сөзінше, коронавирус ауа арқылы жұқпайды.
Сіздің артыңыздан сау адам келеді де сіз ұстаған жерді ұстайды. Көзіне қолын тигізеді де жұқтырады. Яғни, оның (коронавирустың – авт.) өз ережесі бар. Ол маска киетіндей ауада ұшып жүретін инфекция емес. Ол заттар арқылы жұға алады. Мысалға, сіз отырдыңыз, түшкірдіңіз, кеттіңіз. Екінші адам келіп сол жерге отырды, ұстады, инфекция жұқтырды... Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтаудың жетекші мамандары айтып жатқандай, бұл вирустан сақтанудың ең тиімді жолы маскалар емес, басты профилактикалық құрал – жеке гигиенаны сақтау, қоғамдық орындарға бармау, ауру тараған елдерге бармау. Аурудың 80% оңай дәрежеде жұғады. Сондықтан дүрлігудің керегі жоқ. Бірақ профилактиканы ұмытпауымыз керек. Содан кейін аман қалып жұқтырмаудың 50%-ы өзіміздің іс-әрекетімізге байланысты. Осындай ережелерді сақтасақ, вируспен күресе аламыз, - деді ҚР жұқпалы аурулар бойынша жетекші маманы Баешева Динагүл Аяпбекқызы ОКҚ брифинг барысында.
Сонымен қатар, елімізде инфекциялық аурулардан қорғану үшін тиісті препараттар мен дезинфекциялық құралдар жеткілікті.
Бүгінде вирустық аурулардың алдын алу үшін тиісті препараттар: парацетомол, ациклавир, оксалин мазі бар. Дегенмен, жеке гигиенаның мәні зор. Маскаларға байланысты айтатын болсақ, маска емес, оксалин мазі тиімді. Аптекалық ұйымдарда вирусқа қарсы және дезинфекциялық препараттар да жеткілікті, - деді Қазақстан Республикасы Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Дурманова Марина Ивановна брифинг кезінде.
Бұған дейін, ҚР ДСМ "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы" бас директоры Нұртаев Арнур Исабайұлы ОКҚ өткен брифинг барысында қазір елімізде күн сайын 80 200 маска шығарылып жатқанын айтты.
Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ
Сурет: дереккөз
BAQ.KZ