Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауыл тұрғынының бағдары: МӘМС аясында медициналық көмекті қалай алуға болады?

Қазақстанда ауылдық елді мекендерде халықтың 38%-ы тұрады. Олардың басым бөлігі ресми жұмыс істеп, МӘМС-ке жалақыдан аударымдар мен жарналар төлейді. Кейбір азаматтар дербес төлеуші ретінде (айына 3500 теңгеден төлеп) сақтандырылған. Біреуге БЖТ қолайлы және ол жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы төлемдерін және МӘМС жарналарын қоса алғанда, ай сайын небәрі 1 725 теңге (0,5 АЕК) төлейді. 

Барлық сақтандырылған азаматтар төлеген жарна мөлшеріне қарамастан МӘМС тізіміне кіретін медициналық көмектің қажетті көлеміне алуға құқылы.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов ауруды диагностикалау, дәрігер кеңесі немесе қымбат операция қажет болса ауыл тұрғындары қайда жүгіну керектігін айтып берді.

Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетушілер

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалы 2023 жылы 11 медициналық ұйыммен алғашқы медициналық-санитарлық көмек (аудандардағы емханалар) көрсетуге шарт жасасты, оның 3-і жекеменшік. Ауылдағы стационар қызметін 12 клиника көрсетеді, оның ішінде 8 – мемлекеттік және 4 – жекеменшік.

Барлығы учаскелік дәрігерден басталады

Ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық көмек алу үшін алдымен учаскелік дәрігерге бару керек. Әр елді мекенде дәрігерлік амбулатория немесе медициналық пункт болады.

«Қандай да бір ауырсыну болса, пациент алдымен учаскелік дәрігерге баруы керек. Дәрігер оның жағдайын бақылап, ем тағайындайды немесе бейінді маманның кеңесін алуға аудандық ауруханаға жолдама береді. Шұғыл жағдайда тұрғынды ауруханаға жедел жәрдеммен жібереді», – дейді Байтолла Закарьяұлы.

Бейінді дәрігерге қалай жазылуға болады?

Пациент гастроэнтерологке жолдама алды делік. Енді ол дәрігер кеңесіне аудандық аурухананың тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы немесе оның медициналық ұйымына енгізілген медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы жазыла алады. Қарияларға бұл жағдайда ауылдық медбике көмектесе алады.

Егер пациент МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушы болса, қабылдауға жазылып, ары қарай диагностикадан өтеді. Оның қорытындысы бойынша, ем тағайындалып, қажет болса, операцияға жіберіледі. Бұл жағдайда қажет тексерілулер кешені жүргізіледі. Дәрігер пациентті Емдеуге жатқызу бюросы арқылы тіркеп, ота жасалатын күн таңдалады.

Аудандық ауруханада қажетті медициналық қызмет болмаса не істеу керек?

Қандай да бір бейінді маман немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаған жағдайда пациентті қалаға, аурухамен бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымға жібереді. Сондай-ақ, азаматтар Қордың деректер базасында тұратын және МӘМС бойынша көрсетілетін керек қызметтерді, клиниканы өздігінен таңдай алады.

Бұл ретте оған шарттың жоқтығына сілтеме жасай отырып, жолдама беруден бас тартуға құқығы жоқ. Себебі шарт жазбаша жолдама мен көрсетілген қызмет негізінде автоматты түрде толтырылады.

Қор сарапшысының айтуынша, аудандардың орталық ауруханалары мен емханалары әдетте ультрадыбыстық және рентгендік жабдықтармен толық жабдықталған, толыққанды зертханалар жұмыс істейді. КТ және МРТ аппараттары қалалық клиникаларда ғана бар, сондықтан ауыл тұрғындары бұл тексерулерге қалаға жіберіледі. Пациент жолдама алған соң, қажетті клиникаға қоңырау шалып, МӘМС аясында диагностикаға жазылады.

Жүкті әйелдерді бақылау қалай жүргізіледі?

Дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерде зертханалар жұмыс істейді. Жүкті әйелдер онда барып анализдер тапсыра алады. Олар жергілікті акушердің бақылауында болады. Ал акушер болмаған жағдайда, аяғы ауыр әйелдер ай сайын аудандық ауруханаға жоспарлы түрде барып, қажетті тексерулерден өтеді.

Егер шұғыл медициналық көмек керек болса, әйел жедел медициналық көмекті шақырады. Олар қажет деп тапса, аудандық ауруханаға жеткізеді.

Стоматологиялық қызметтер ауыл тұрғындарына қол жетімді ме?

Иә, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер стоматологиялық қызметтерді жоспарлы түрде ала алады. Шұғыл стоматологиялық қызметтер халықтың 10 санаты үшін қолжетімді: 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; мүгедектер; "Алтын алқа", "Күміс алка" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; жасы бойынша зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттер; мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыздар; I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыссыздар. Бұл азаматтардың барлығы сақтандырылған мәртебесі болу керек, өйткені стоматологиялық қызметтер МӘМС тізіміне кіреді.

Қазір көптеген стоматология Қормен шарт жасасып, аудан орталықтары мен ірі кенттерде қызмет көрсетеді. Айта кету керек, стоматологкқа бару үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Сондықтан тиісті санаттағы ауыл тұрғыны МӘМС аясында пациенттерді қабылдайтын стоматологияны өз бетінше таңдай алады (клиникалардың тізбесін Қордың сайтында "Медициналық көмекті сатып алу" - "Консультативно-диагностикалық қызмет жеткізушілері" бөлімінен көруге болады: https://fms.kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/), және қажет емге жазыла алады.

Оңалтудан қалай өтуге болады?

Оңалту курсын реабилитолог маманы немесе реабилитациялық комиссия тағайындайды. Аудандық ауруханаларда күндізгі стационар деңгейінде оңалтудың үшінші кезеңі жүргізілуде. Оған емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж кіреді. Дегенмен, пациенттің қалауы бойынша кез-келген қалада оңалту емін алуға болады. Алдымен оңалту орталығы таңдаған мүмкіндіктер мен кестені нақтылау маңызды.

«Оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілетіні көпшілікке мәлім. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етті. Операциядан кейін әркім өз қалтасынан жүздеген мың теңгеге оңалтудан өте алмайды, ал көптеген адамдар жыл сайын бірнеше оңалту курсынан өтуі керек. Ал МӘМС есебінен қабілеттерін қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын тегін арттыруға болады», – деп атап өтті Байтолла Газизов.

Профилактикалық тексеру жұмыстары қалай атқарылып жатыр?

Әдетте, аудан әкімдіктері мен емхана меңгерушілері бұл жұмысты жыл басында бекітілген кесте бойынша жергілікті тұрғындарды медициналық тексеруден өткізу туралы бұйрыққа сәйкес жүзеге асырады. Осылайша, жергілікті халықтың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

«Профилактикалық тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр. Ол жүрек-тамыр жүйесі, несеп жүйесі ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің, созылмалы ауруларының ерте кезеңдерін анықтауға бағытталған. Онкологиялық скринингтер жүргізіледі. Сондай-ақ, мектеп медицинасын жүзеге асыру аясында балаларды профилактикалық тексеру қарастырылған», – деді Б. Газизов.

Бұдан бөлек, ауыл халқын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуде көлік медицинасын дамытуға үлкен көңіл бөлініп, жылжымалы медициналық кешендер, «Денсаулық пойыздары», санитарлық авиация халыққа қызмет көрсетеді. Бұл жергілікті азаматтардың ешқайда шықпай, бір жерде бірнеше бейінді дәрігердің қабылдауына кіруге мүмкіндік береді.

Егер медициналық көмек алу бойынша тағы сұрақтарыңыз болса, өз емханаңыздағы « Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгіне аласыз.

Келесі байланыс арналары арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш қалдырып, «сақтандырылған» мәртебесін тексеруге болады:

• fms.kz ресми сайты,

• 1406 байланыс орталығы,

• Qoldau 24/7мобильді қосымшасы

• Telegram-дағы SaqtandyryBot.

Сондай-ақ, ҚР egov.kz электрондық үкіметінің сайтында "Денсаулық сақтау" бөлімінде "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну" мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы білуге болады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.

Байланыс орталығы – 1406

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT