Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда «Жәрдем» медициналық пойызы өз жұмысын аяқтады

«Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырда Алматы-2 станциясынан Маңғыстау облысына жолға шығып, кейін Атырау облысына барды. Жобаның басты мақсаты – еліміздегі сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отырған шалғайда жатқан станциялар мен оларға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу.

Атырау облысындағы дәрігерлік тексерулердің статистикасы мынадай: дәрігерлік қаралулар саны – 9532. Атап айтқанда, ең көп өтініш ЖПД, терапевт, педиатрға келіп түсті – 1165 пациент, бұдан әрі офтальмолог – 924 пациент, сондай-ақ невропатолог – 894  пациент, хирург – 831 пациент және уролог – 745 пациент. Пойыз дәрігерлері барлығы 767 ЭКГ, 841 УДЗ және 833 флюорография процедураларын өткізді. Сонымен қатар 57 кіші хирургиялық операция, яғни пойыз дәрігерлері 57 баланы сүндетке отырғызды.

Дәрігерлер Атырау облысында жиі кездесетін ауруларды атады: қант диабеті, омыртқаның остеохондрозы, вирустық конъюнктивит, артрит, артроз, бронх демікпесі, гастрит, панкреатит, холецистит, синусит, бронхит сияқты созылмалы аурулар.

Атырау облысының тұрғындары медициналық пойыз мамандарына көрсеткен қызметтері мен кеңестері үшін алғыс білдірді. Осы жобаның арқасында кейбір пациенттерге ауылдық жерлерде қолжетімсіз және облыстық медициналық мекемелеріне міндетті түрде баруды талап ететін сирек ем-дом түрлері жасалды. Мысалы, Исатай станциясының бес жасар тұрғыны Ахмад Мерейұлына хирургиялық операция жасалды, яғни дәрігерлер бүлдіршінді сүндетке отырғызды.

«Мен Аққыстау аудан орталығына «Жәрдем» медициналық пойызының келе жатқанын естіп, Тұщықұдық ауылынан денсаулығымды тексерту үшін келдім. Бұл – ауылдық жерлердің тұрғындары үшін, сондай-ақ қаржы жағы аздау мен сияқты зейнеткерлер үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі кезде медициналық қызметтердің басым бөлігі – жекеменшік, әрбір қаралу кем дегенде 5000-6000 теңге тұрады. Мен таңертеңнен бері бес маманның қарауынан өттім, енді УДЗ процедурасын күтіп отырмын. Дәрігерлердің барлығы ұнады, аурудың себептері мен емдеу жолдарын егжей-тегжей түсіндірді. Әсіресе невропатолог пен гинекологты атап өткім келеді. Пойыздарда барлық жағдай жасалған: әр маманның жеке кабинеті бар, ал ішіндегі жүріп-тұратын жерде мен сияқты ересектер үшін отыруға мүмкіндік бар. «Samruk-Kazyna Trust» қорына үлкен алғысымды білдіремін және бізге жиі келіп тұруларыңызды тілеймін. Себебі бір дегенде 5-6 маманның қарауынан өтуге болады. Сонысымен қолжетімді әрі ыңғайлы», – деп Атырау облысының тұрғыны Жұмазия Альмирова өз алғысын білдірді.

«Жәрдем» медициналық пойызы енді кестеге сәйкес Ақтөбе облысының 12 станциясына барады. Онда 21 шілдеге дейін болып, шалғай бекеттердегі жергілікті тұрғындарға қажет медициналық көмек тегін көрсетіледі. «29 маусымда Ноғайты станциясынан бастап, таңғы сағат 09:00-дан халықты қабылдаймыз», – деді «Жәрдем» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

20 маусымда «Саламатты Қазақстан» екінші медициналық пойызы іске қосылды. Кесте бойынша медициналық пойыз мамандары Малайсары станциясында жұмысын жалғастыруда. Жұмысын Алматы облысынан бастаған пойыз одан әрі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды, Жетісу, Ұлытау, Абай облыстарына барады. Сонымен қатар қос медициналық пойыз еліміздің шалғай аудандарындағы 147 станцияны қамтиды.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асыруда.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT