«Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры Атырау облысында «Өмір сыйлайық» жобасының жаңа кезеңін іске қосады: Облыстық перинаталдық орталықта биыл күзде неонаталдық хирургияның бірінші бөлімшесі өз жұмысын бастайды.
Жоба нәресте өлімін азайтуға және өңірдегі неонаталдық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа бөлімше заманауи медициналық жабдықтармен: реанимациялық үстелмен, наркозды-тыныс алу аппаратымен және жаңа туған нәрестелерге қауіпсіз арнайы рентген қондырғысымен жабдықталады. Ол орталықтың неонаталдық хирургтеріне жыл сайын туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда 35 сәбиге шұғыл хирургиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«Өмір сыйлайық» жобасы 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және Қазақстандағы нәресте өлімін едәуір азайтуға көмектесті. Біз «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Атырауда жыл сайын ондаған баланың өмір сүруіне мүмкіндік мен денсаулық сыйлайтын бірегей хирургиялық бөлімше аша алатынымызға қуаныштымыз», - деп хабарлады AYALA қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің ресми деректері бойынша Қазақстандағы неонаталдық өлім-жітім деңгейі 2000 жылдардың басындағы 23 промилледен 2024 жылдың соңына қарай 4 промиллеге дейін төмендеді - бұл Орталық Азиядағы ең жақсы көрсеткіш. Алайда, әсіресе, облыстың шалғай өңірлерінде тұратын болашақ аналар үшін сын-қатерлер әлі де бар.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Қазбек Ермағамбетов күзде неонаталдық хирургия бөлімшесінің ашылуы – көптен күткен оқиға екенін атап өтті.
«Біздің орталықта білікті неонаталдық хирургтер мен реаниматологтар бар, бірақ қажетті медициналық жабдықтың жоқтығынан ауыр ақауы бар нәрестелерге операция жасауға мүмкіндік жоқ. AYALA қорының жобасының және «Теңізшевройл» компаниясының қолдауының арқасында бұл жаңа бөлімше жаңа туған нәрестелерді басқа қалаларға мәжбүрлі түрде тасымалдауға уақыт жоғалтпай, көпшілігінің өмірін сақтап қалу үшін қажетті нәрсенің бәрін алады», - деп атап өтті Қазбек Айжарықұлы.
Қазіргі уақытта Атырау қаласындағы Облыстық перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігерлері туғаннан кейінгі алғашқы минуттар мен сағаттарда бұрын өмірге қабілетсіз деп есептелген балалардың өмірін сақтап қалады. Дене салмағы 1000 грамға дейін шала туған балалардың өміршеңдігі едәуір – 57%-ға дейін өсті. Алайда, неонаталдық хирургия бөлімшесінің болашақ пациенттерінің 70%-дан астамы тасымалдауға жарамсыз және оларды санитарлық авиация желісі бойынша көмек көрсету үшін басқа медициналық орталықтарға тасымалдау мүмкін емес.
«Неонаталдық хирургия бөлімшесін жабдықтау біздің дәрігерлерге неонаталдық патологиялардың жоғары қаупі бар, 22-32 апта мерзімінде күрделі босанған, құрсақта даму патологиялары бар, сондай-ақ туғаннан кейінгі алғашқы сағаттар мен күндерде хирургиялық араласуды талап ететін басқа да аурулармен ауыратын жаңа туған нәрестелерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деп жоспарларымен бөлісті Қазбек Ермағамбетов.
«Өмір сыйлайық» жобасы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын қолдайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрімен кездесуінде 2024 жылы елдегі сәби өлімін азайту жөніндегі бағдарламаларды жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті.
«Теңізшевройл» компаниясы өзінің Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жобаның серіктесі болды. Онда медициналық мекемелердің әлеуетін арттыруға және Атырау облысы халқының денсаулығын жақсартуға баса назар аударылады.
Бұл AYALA қайырымдылық қоры 2025 жылы Атырау облысында ТШО-мен бірлесіп жүзеге асырған балалардың денсаулық сақтау саласындағы екінші жоба. Жақын арада компанияның қолдауымен Облыстық перинаталдық орталықтың реанимациясында тыныс алу жүйесінің күрделі асқынуларымен: жіті өкпе гипертензиясымен, туа біткен пневмониямен және басқа да өмірмен үйлеспейтін болып саналатын проблемалармен дүниеге келген сәбилерді құтқару үшін арнайы аппарат жұмыс істей бастайды. Екі жоба да жыл сайын облыстың түкпір-түкпірінен ондаған нәрестенің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.