Осыдан тура 20 жыл бұрын мамыражай маусымда бір топ қыз-жігіт құт дарыған киелі Жамбыл ауылдық округінің тарихы терең Қаракөл орта мектебінен білім алып, үлкен өмірге қадам басқан едік. Қаймағы бұзылмаған сол ауылдағы алтын ұя талай баланы білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге түлеп ұшырды. Солардың арасында бізде бармыз.
1992 жылы тарыдай болып мектеп табалдырығын аттап, он бір жыл білім алып 2003 жылы үлкен өмірге қадам бастық. Кешегі бозбала мен бойжеткендер бүгін бір-бір үйдің отағасы мен отанасы атанып, қоғамның беделді азаматтарына айналып үлгерді.
Сол түлектер соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында бас қосып білім алып, тәлім көрген алтын ұя мектебімізге қайта оралдық. Балалық шақты еске алып, өмірден өткен ұстаздарымыз бен құрбы-құрдастарымызға тағзым етіп, әдемі кездесу өткізіп, балалық шаққа бір барып қайтқандай болдық. Қашан да он бір жыл бойы мектеп партасында қатар отырып, бірге сабақ айтып, бірге ойнап-күліп, бірге сабақтан қашатын достарға деген бір ғаламат сағыныш кеудеңді кернейді екен. Мөлдір шақты еске алып, сол кезге бір сәт қайта оралғың келеді.
Қиялға ерік беріп, сағынышты кездесу ерекше есте қалатындай етіп өткіздік. Осынау әдемі сезімге толы ниетпен мамырдың соңғы күні өмірден ерте өткен құрбы-құрдас Д.Жұмашев, П.Бисенбаев, Б.Сәрсенов, А.Демесінұлы, С.Дәулетовтерді еске алып, оларға құран бағыштауды да парыз деп санап, ас бердік. Оларды еске алуға арналған волейболдан ауыл жастары арасында жарыс болды. Келесі күні өзіміз білім алған мектебіміздің табалдырығын тағы бір мәрте аттап, биылғы түлектердің «Сыңғырла соңғы қоңырау» атты салтанатты шарасына қатысып, шарадан кейін өзіміздің ауылымызға тартуымыз деп жасаған «Қаракөл» саябағын ауыл әкімі, сынып жетекшіміз Оспан Ароновпен бірге ашылу салтанатын өткіздік. Осы тұста, Қаракөл ауылының кіре беріс тұсынан жүз метр жерді қоршап, жүз тал отырғызғанымызды айта кеткен жөн.
Еккен талдарымыз биіктеп, өсіп кетсе демалыс орнына айналар орын болғалы тұр. Бұл кейінгі буын жастарға үлгі болу мақсатында туған жеріміз үшін жасаған сәлде болса жанашырлығымыз бен үлгілі ісіміз деп есептейміз. Халқымыз қандай қуаныш пен той өткізсе де ат шаптырып, аламанға ат қосатыны белгілі. Жиырма жылдықтың үшінші күні аламан бәйге, тай жарыс және спорттық ойындардан сайыс ұйымдастырдық. Жеңімпаз-жүлдегерлерге өзіміздің атымыздан қаржылай сыйлық табысталды. Бізге дейінгі аға-апаларымыздың Қаракөл орта мектебін бітіргендеріне 20 жылдық кештерін қызықты ұйымдастырып жатқандарына куә болып жүрміз. Бұл Қызылқоға өңірінде жақсы қалыптасқан дәстүр. Бізде сағынып жеткен 20 жылдық кешімізде мектеп кезі туралы сыр шерткіміз келді. Ойымыз оңға басты. Туған жердің таза ауасын жұтып, топырағын кештік. Ойыл өзенінің сағасына түсіп, мөлдір суына шомылдық. Көркем табиғат аясында, қозы, лақ қуып, ауыл бөктеріне жыл сайын «көкке» шығып, шүйгін шөбіне аунап-қунап, құлын-тайдай тебісіп, шаршап-шалдығып, кешке үйлерлерімізге қайтатынымызды әсерлі әңгімелеп, демалып қайттық. Қазіргі таңда сол аядай ауылдың ардақты ұстаздарынан білім алғанымызды мақтан тұтамыз. Осылайша, ыстық ұямызда болып, ардақты ұстаздарымыздың ақылын тағы бір мәрте алып, құрбы-құрдастарымызға еркелеп, отыз жыл, қырық жылда да кездесейік, қатарымыз сиремесін деген тілекте тарқастық.
Айбол ДОЛДАШЕВ,
Қаракөл орта мектебінің 2003 жылғы түлегі,
Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы