Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумы еліміздің жас педагогтерін бір арнаға тоғыстырды 

Бүгін Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының жас мұғалімдерге арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумы өз жұмысын бастады. Форумда еліміздің барлық өңірінен кәсіби жолын енді ғана бастаған, жаңа идеяларға ашық әрі үнемі өзін жетілдіруге ұмтылатын 300-ге жуық ауыл ұстазы бас қосты. 

Қатысушыларға арнаған құттықтау лебіздерін форум мінберінен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бағдарламалар мен жобалар жөніндегі басқарушы директоры Серікбек Елшібеков, «Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова жолдады. 

Ашылу барысында сөз алған NIS Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Жетілбекқызы жас мұғалімдерге артылар сенім мен үміттің зор екенін баса айтты: 

– Жас ұстаз – кез келген мектептің ең басты стратегиялық ресурсы.  Білім ордасының дамуы да, болашағы да сіздердің кәсіби өсулеріңізге тікелей байланысты. Мұғалімнің шеберлігі – ол мектептің бет-бейнесі, абыройы мен қуаты. Сіздер қандай болсаңыздар, ертеңгі білім сапасы да сондай болады. 

Педагогикалық алаң білім беру саласының заманауи бағыттарын қамтыды. Қатысушылар инклюзивті білім беру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады. Мастер-класстарда пәндік инклюзия, геймификация элементтері, онлайн-платформалар арқылы тапсырма құрастыру, эмоциялық интеллектті дамыту және AI құралдарын тиімді пайдалану жолдары ұсынылды. 

Форум аясында жас педагогтер тек тыңдаушы ғана емес, өз тәжірибесін ұсынып, кәсіби бірегейлігін таныта білді. Шығыс Қазақстан облысынан келген ағылшын тілі пәні мұғалімі Аида Қалымханова өткізген шеберлік сабағы – соның айқын көрінісі. Ол инклюзивті білім беру мен цифрлық шешімдерді үйлестіре отырып, әр оқушыға қолдау көрсетудің нақты жолдарын ұсынды.  

– Білім бәріне бірдей қолжетімді болуы керек. Оқушының өзін жайлы сезінуі, мұғалімнің әр балаға жол таба білуі – инклюзияның өзегі. Сабақта Plickers, Socrative, Bamboozle секілді платформаларды қолданып, нақты тәсілдерді әріптестермен бірге талқыладық. Жалпы, форум өте әсерлі өтті. Маңызы зор, шабыт пен жаңа идея алуға үлкен мүмкіндік берді, – дейді жас ұстаз. 

Форумның мазмұнын байытқан ерекше сәттердің бірі – TED Talks форматындағы мотивациялық сессия болды. Онда түрлі салада жетістікке жеткен мамандар жас ұстаздарға өз тәжірибесі мен табысқа жету жолын баяндады. Спикерлер қатарында Future-IT робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нұркежанов, Орталық Азия мен Кавказ елдері бойынша мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесші Азиз Искаков және «Forbes 30 Under 30» тізіміне енген математика пәні мұғалімі Евгений Солоницын болды. Олар айтқан шынайы да шабытты әңгімелер ұстаздық жолдың мәні – тек білім беру емес, сонымен бірге жүрекпен жасалатын жауапты миссия екенін айқын көрсетті. 

Жиынның жарқын спикерлерінің бірі Евгений Солоницын жас педагогтерге арнаған үндеуінде жаңашылдықтан қорықпауға, тәжірибе жасап көруге және үнемі дамуға шақырды. 

– Тоқтап қалмаңыздар. Сабақтарыңызды видеоға түсіріп, өзгелермен бөлісіңіздер, үнемі ізденісте болыңыздар. Жақсы нәтиже біртіндеп келеді. Ең бастысы – бастау және алға қадам жасаудан қорықпау, – дейді Евгений. 

Сондай-ақ ертең де жас педагогтер үшін мазмұнды тренингтер мен воркшоптар, қызықты педагогикалық квесттер, өзекті мәселелерді қамтитын панельдік сессиялар және Зияткерлік мектептердің жас ұстаздарының шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. 

Айта кетейік, «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумы биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл – 2022 жылдан бері NIS Педагогикалық шеберлік орталығының табысты түрде жүзеге асырып келе жатқан жүйелі бастамасы. Жас мамандардың кәсіби қалыптасуына бағытталған платформа аз уақыт ішінде тәжірибе мен шабыт алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT