Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғалық ұстаздар өнер додасында топ жарды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  университетінің акт залында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ-нің ұйымдастыруымен «Егемен еліміздің еңселі ұстаздары» атты білім және ғылым қызметкерлері арасындағы көркемөнерпаздардың облыстық байқау-фестивалі өтті.

Оған қала және аудандардан жеңімпаз болып табылған 100-ден астам мұғалімдер мен қызметкерлер қатысып, дәстүрлі ән, көркем сөз (поэзия, проза, драма), хореграфиялық би және эстрадалық ән номинациялары бойынша сынға түсті.

Фестивальдің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Атырау облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы байқаудың мақсаты мен шарттарына тоқтала келіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Міне, осынау дүбірлі додаға аудандық білім бөлімі мен кәсіподағы ұйымдастырған өнерлі мұғалімдер байқауында топ жарған ұстаздар қатысып, аудан абыройын асқақтатып оралды. Айталық,  «Көркем сөз» номинациясы бойынша Б.Аманшин атындағы орта мектебінің мұғалімі Шатгүл Сәкенқызы І орынды иеленсе, «Эстрадалық ән» номинациясы бойынша «Жасұлан» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиешісі Нұржанат Нұрболатқызы ІІ орынға ие болды. Ал, «Хореграфиялық би» номинациясы бойынша Миялы өнер мектебінің мұғалімі Алтынгүл Берегенова ІІІ орынға қол жеткізді. Сөйтіп, өнерлі ұстаздар аудан мерейін бір көтеріп тастады.

Фестиваль барысында,  қатысушылардың барлығы «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ-нің алғыс хаттарымен марапатталса,  жеңімпаздарға арнайы дипломдар және сертификаттар табыс етілді.

 

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521