Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғалық ұстаздар марапатталды

Білім мен білікті саралап, алдағы оқу жылының бағыт-бағдарын айқындайтын дәстүрлі тамыз кеңесі «Арман» мәдениет үйінде  «Білімді ұлт: Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында жалғасын тапты. Мәні мен маңызы зор жиынға білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері, мекеме, ұйым басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Еліміздің Әнұраны  ойнатылғаннан кейін кеңестің тақырыптық алаңын жүргізу үшін модератор, аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлфайруз Анжанова сахнаға төріне көтеріліп, басқосуда ой-пікірлер бөлісу үшін спикерлерді тақырыптық алаңға шақырды.

14be9dbe-750b-4cb6-a2aa-8beebc00107b

«Мемлекетіміздің болашағы жас буын өкілдерінен басталады. Оларға беріліп отырған білім мен тәрбиеге заманауи талаптар қою арқылы ғана дамыған елдердің қатарында бола аламыз. Ел келешегінің кемел болуы, гүлденіп өркендеуі қазіргі жастарға, олардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Осы мәселе төңірегінде республикалық, облыстық панелдік сессиялар өтіп, талқылаулар, пікір алысулар жүргізілді. Ауданымызда панелдік сессия 22 тамызда Сағыз орта мектебі базасында ұйымдастырылып, әріптестеріміз бас қосты. Осы жұмыстардың қорытындысы ретінде тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісіне жиналып отырмыз. Кеңес жұмысына құрметті ұстаздар, қатысушы қонақтар қош келдіңіздер!» деген модератордың сөзінен  кейін алғашқы сөз аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа берілді. Бұл ретте, аудан басшысы:

–  Егеменді еліміздің білім саласын дамыту үшін барлық мүмкіндік қарастырылып, жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында айтарлық көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Мұғалім – қашанда біліміне қоса өз бойындағы озық қасиеттерімен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті ұштастыра білген тұлға. Бұл қарапайым қағида бүгінге дейін жедел дамыған үдемелі өзрерістерге толы толық дамыған заманда өз құндылығында жойған емес. Бұл ретте дәстүрлі тамыз  кеңесі кезекті жаңа оқу жылына бағыт бағдар береді. Ұлт болашағы елдің ертеңі ұлық биігінде ұстаздардың қажырлы, нәтижелі еңбектеріне байланысты. Бүгінгідей жаңаша білім беру  жағдайында білім мен ғылымның біртұтастығына баса назар аудару қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы көптеген қордаланып қалған мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырған болатын. Соның ішінде педагогикалық кадрлардың кәсібилігі мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру шараларын қолға алу керек екендігін айқындады. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімдер мәртебесі заңының қолданысқа енгізілуі өте орынды. Барлық педагог мамандар мұғалім мәртебесі заңының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Аудандандағы білім беру ғимараттарын талапқа сай жөндеу назардан тыс қалмайды.  Бүгінгі тәрбиелеп жатқан жас буын келер күннің келбеті. Сондықтан, сіздер жастардың болашағын айқындайсыздар. Бүгінгі еккен дәндеріңіз жемісті, жеңісті біздің болашағымыз. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, - деді.

Әлгінде айтқан модератор, аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлфайруз Анжанованың  өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға есеп беріп, ұстаздар мен шәкірттерінің жеткен жетістіктерін  саралаған баяндамасынан соң сөз алған  облыстық білім беру басқармасының өкілі, аудан педагогтары ардагерлер кеңесінің төрағасы Құмар Хасанов:

«Қазіргі жас буынды отанды қастерлеуге тәрбиелеу қажет. Мектептегі алғашқы әскери дайындық пәніне көңіл бөлген абзал. Қазіргі бала  кітапхана бармайды. Кітап оқымаған бала Отан үшін кеуделерін оққа тосқан батырларымызды қайдан білсін?!  Мектепте білім берумен қатар тәрбие қатар жүруі керек. Бала мектеп пен үйден тәрбие алуы ләзім. Бүгінде балаларды еңбекке баулу өте қиын. Өзіміз бала күнімізде мектептің еденін  жуып, тақта сүрткеннен қор болған жоқпыз. Еңбекті үйрендік. Баланы еңбекке баулу қажет. Отандық мағыналы кино көрудің орнына телефонға телміріп,  шетелге еліктейді. Қазіргі жастар әскерге  дайын емес. Әр бала өзі мен елін қорғауға дайын болуы керек. Бала ұйқыдан тұрғанда  «Елім, жерім» деп  оянса қандай ғанибет! Сондықтан, мұғалім мен ата-ана бірлесе, етене жақын қарым-қатынаста жұмыс жасаса нұр үстіне нұр болар еді, - деген пікірін ортаға салса, республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының жүлдегері Жұлдыз Мағжанқызы:

    – Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұстаздық ұлық емес - ұлы қызмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Біздің заманымыз замануий жастарды қадыптастыруда. Өзім де алғашқы еңбегімді өзім білім алып, түлеп ұшқан Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте шәкірт тәрбиелеп, еңбегімді шыңдаудамын. «Тәуекелсізге – жеңіс жоқ» деп тәуекелге бел буып,  республикалық олимпиадада ІІІ орынды иеленіп оралдым. Осы сайысқа қатысуыма себепкер болған аудандық әдістемелік орталығы мен білім беру бөлімінің мамандарына алғысым зор, - деп ойын қорытты.  

73aacf86-f2a7-4f6f-945b-d58aabfefc65

Жиында білім беру мен тәрбиелеуде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрі мен  облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасы, аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық білім бөлімі, облыстық кәсіподақ ұйымдарының  Алғыс хаттары табысталды.

 Шара соңында ұстаздар «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары мен Миялы Өнер мектебінің концерттік бағдарламасын тамашалады.  

Кәмшат ӘБІШ.

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT