Теміржол- өте қауіпті аймақ. Осы бір сөздің мән-мағынасын көпшілік жұрт жете түсіне бермейтінге ұқсайды, түсінсе де құнт қылмайды. Әйтпесе, пойыздар қозғалысына сырттан қауіп төндіру факторлары орын алмас еді. Теміржол бойындағы күні-түні ағылып жатқан пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету – теміржол қызметкерлерінің ең басты жұмысы.
Алайда, бұл мәселе тек біржақты теміржолшылардың күшімен шешілмейтінін жүз жылдан асқан теміржол тарихы көрсетіп отыр. Бүгінде елімізде теміржол телімдеріндегі жылжымалы құрамның адам басып кету фактілері азаяр емес. 2025 жылдың 10 желтоқсанында 17 сағат 14 минутта Шешенқара-Қаражыңғыл аралығындағы жекеленген рельсті ауыстыру жұмыстары жүргізілген кезде, жүк пойызы 7 адамнан тұратын бригаданы басып кеткен. Салдарынан жол жөндеуші төрт жұмысшы өқиға орнында қаза тауып, үш жұмысшы әр түрлі жарақат алған. Осындай төтенше оқиғалардың алдын алу мақсатында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Бас инженері Р.Садырқұловтың 2026 жылдың 29 қаңтарында берілген №ЦГ/6-И жедел хаты бойынша 2 ақпан мен 2 наурыз аралығында «Назар аударыңыз, жолдағы адам!» айлығы өткізілуде. Ауыр жүкті пойызды тоқтату оңай емес. Бұл аймақта жүрген халық балаларын да бақылаусыз қалдырмауы керек. Үнемі қозғалыс үстінде болатын теміржолда кездесетін түрлі оқиғалардың алдын алу барша азаматтың борышы. Сол себепті теміржол бойында тек белгіленген жерден өту керек.
Серік СҰЛТАНОВ,
Сағыз теміржол стансасының бастығы




