Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бала мен жоғарғы оқу орнына жаңа түсіп жатқан студент үшін 1 қыркүйек ұмытылмас сәттерінің бірі. Бұл күнде балалармен бірге мұғалімдер мен ата-аналардың да мерейі тасып, алғашқы қоңыраудың сыңғырлаған даусын естіп бір жасап қалады.
Әрине, санамызға нұр құятын мерекенің жылдан-жылға мәні артып келе жатқаны аян. Себебі білім жүйесі жыл санап өзгеріске ұшырап, жаңа жүйеге сай жаңа белестерді бағындырып келеді.
Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі - 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталған жобаның шеңберінде зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер қарастырылған. Жалпы ауданда жалпы орта білім беретін 15 мектеп, 4 бастауыш, 12 мектепке дейінгі, 4 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде, мектепке дейінгі білім беру жүйесін 12 балабақша құраса, 1175 тәрбиеленуші тәрбиеленуде. Ал, аудан бойынша 1-6 жастағы барлық бала саны – 2991 болса, 3-6 жастағы – 1812.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, кезектіліктің ең жоғары деңгейі ауданымыздың Мұқыр ауылында байқалып отыр. Ауданның даму жоспарына сәйкес 2021-2025 жылдары заманауи негізде 100 орындық Жамбыл, Көздіғара, Ойыл, Жангелдин ауылдарынан, 50 орындық Тайсойған ауылдық округінен балабақша құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл ауданның даму бағдарламасына енгізілген.
Аудан бойынша барлық мектептерде алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтіп, мектеп табалдырығын 766 бала аттады. Осындай жағымды жаңалықтармен оқу жылын бастап отырған бүлдіршінде зейінді оқушыдан зерек тұлғаға айналса игі деген тілек бар.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА