Атыраудағы NIS-те дәстүрлі «Туған елге тағзым» жобасы өтті. Зияткер оқушыларды еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше өлкелермен етене таныс қылып, бойларындағы рухани құндылықты, патриотизмді, туған елге деген сүйіспеншілікті одан әрі дамытуды мақсат тұтқан ерекше жоба биыл да жалғасын тапқаны қуантады.
Бұл жолы киелі Атырау топырағына Алматы және Петропавл қалаларының оқушылары табан тіреді. Алдымен оқушы қонақтар мектеп жатақханасына орналастырылып, оларға мектептің негізгі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Биылғы жобада ұлы Абай шығармашылығын насихаттау басты ізгі мақсат екені мәлім. Осыған орай, мектеп дәлізінде Абай шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылған болатын. Ондағы құнды оқулықтар мен жәдігерлер оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Кейін көңілді құрам қала ішінің басты көрікті жерлерін аралауға кірісті. Алдымен, ұлы жеңіс күнінің ерекше белгісі саналатын Жеңіс саябағына барды. Келесі аялдама – ТМД елдері арасындағы ең ұзын жаяу жүргіншілер көпірі. Еуропа мен Азияны жалғастырған бұл көпір 2001 жылы пайдалануға берілген. Ұзындығы – 551 метр. Одан кейінгі нысан – ретро-парк. Ретро кезеңнен сыр шертіп тұрған әдемі саябақ ішінде әйгілі Дос-Мұқасан тобының ескерткіші бар. Маңғаз Атыраудың өр рухын оқушылар Исатай-Махамбет алаңынан сезінгендей. Олар еңселі ескерткіш жанында естелік фотосуретке түсіп, алаң ортасындағы әдемі субұрқақты көріп, көзайым болды. Бір айта кетерлігі, сапардың бұл бөлігінде мектеп тарихшылары балаларға әр нысан туралы толыққанды ақпар беріп, экскурсияның пайдалы болуына салмақты үлес қосты.
Сондай-ақ, қонақ оқушылар Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне барып, түрлі құнды тарихи туындылармен, көз тартарлық көркем суреттермен танысты. Өңірдің басты байлығы саналатын мұнай-газ ісі мамандарын даярлайтын басты оқу орнымен жіті танысу мүмкіндігі берілді. Анығында, Алатау баурайы мен Ертіс жағалауынан арнайы ат басын бұрған оқушыларымыз Атыраудағы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетіне, Ғ. Сланов атындағы облыстық кітапханаға, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне, хан ордалы Сарайшыққа, Атырау өңірінің табиғи інжу-маржаны – Тұздыкөлге, полипропилен зауыты мен APEC колледжіне барып, өңірдің өндірістік әлеуетімен және кәсіптік білім беру жүйесімен танысты. Бұл орындардағы жаңашылдық пен заманауи технологиялар оқушылардың болашақ мамандыққа деген көзқарасына тың серпін берді.
Бұл сапар олардың жадында ұзақ сақталып, болашаққа деген сенім мен сүйіспеншілікке жол ашатыны сөзсіз.