Баланың тұлға болып қалыптасуында балабақшаның алатын орны ерекше. Ал, осында қызмет атқаратын тәрбиешілер баланы жан-жақты дамытып, мейірімді,қайырымды, әдепті болып өсуіне ат салысады. Тәрбиеші жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін жас өреннің ішкі дүниесі мен қыр-сырын анықтап, мүмкіндіктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті тамыз конференциясында: «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалім тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет» деген болатын. Расында, бала тәрбиесінде рухани сәулеткер, бағбан ретінде бағаланатын тәрбиешілердің қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін қызметін таразыға салып өлшеу мүмкін емес дүние.
Осы орайда, аудандық әдістемелік орталықта мектепке дейінгі ұйымдар мұғалімдері қызметінің ең үздік үлгісін анықтау, көптің назарына ұсыну жолымен жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың, сонымен қатар қоғамның мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың өзекті мәселелеріне назарын аудару, тәрбиеші мамандығының мәртебесін көтеру мақсатында балабақша тәрбиешілеріне арналған «Мектепке дейінгі ұйымның ең үздік тәрбиешісі» атты аудандық байқау өтті. Шараның шымылдығын ашып, сөз алған аудандық әдістемелік орталықтың мектепке дейінгі ұйымның тәрбие бөлімінің әдіскері Злиха Хамитқызы тәрбиешілерге шығармашылық табыс тілей отырып, бала жанының бағбандарына тайсалмай еңбек етуді, өз ісінің қас шебері болуды тілге тиек етіп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тәрбиешілер «Педагогтің Е-портфолиосы», «Педагогикалық шеберлік», «Мен-тәрбиешімін», «Сұрақ-жауап және эссе жазу» атты төрт кезең бойынша бақтарын сынады.
Нәтижесінде, І орынды «Жасұлан» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Ә.Телманова, ІІ орынды «Ақбота» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Н.Сагынова мен «Нұр-шуақ» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі М.Такимова, ІІІ орынды «Жазира» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Г.Матишева, «Қарлығаш» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиешісі Г.Мамбетжан, «Қызғалдақ» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиешісі Г.Игилмановалар иемденді. Сонымен қатар «Балбөбек» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиешісі Ж.Нажмеденова - «Жаңашыл тәрбиеші», «Балдырған» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиешісі А.Бисұлтанова - «Креативті тәрбиеші» номинациясына ие болды. Барша тәрбиешіге аудандық әдістемелік орталықтың дипломдары мен сыйлықтары табысталды.
- Тәрбиешілік мамандықтың мен үшін еш қиындығы жоқ. Өйткені бұл кәсіпті өзім
таңдадым. Сондықтан күнделікті жұмысымнан ешқашан шаршаған емеспін. Қазіргі бүлдіршіндердің тілін табу оңай емес. Мен көп жылғы тәжірибемде бір түсінгенім баланы дұрыс сөйлеуге, тазалықты сақтауға, өзінің ойыншақтарын жинауға яғни, ұқыпты болуға үйрету қажет. Сондай-ақ күнделікті балғындарға қызықты ойындарды көптеп ойнатуға тырысамын. Түрлі ойын арқылы баланың ойлау деңгейі көтеріліп, ойын еркін жеткізуді үйренеді. Тәрбиеші болудағы мақсатым – болашақ ұрпаққа білім берсем, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ел ертеңінің кемел болуына аз да болса септігімді тигізу, - дейді байқау жеңімпазы Әсия Телманова.
Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Бала тәрбиесі, оның ішіндегі балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен мәртебе. Ал, баланың психологиялық, физикалық, логикалық дамуының іргетасын қалайтын қадірлі мамандар осы тәрбиешілер екендігі айтпаса да түсінікті. Ендеше, қызығымен қиындығы мол, жеңіл көрінгенімен, өзіне тән ауыртпашылығы бар қызметті зор төзімділікпен атқарып жүрген тәрбиешілеріміздің еңбектері еленіп, құрметке бөленіп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.
Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ