Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, облыстық ішкі саясат басқармасы және «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен білім беру саласында «Парасатты мектеп басшылары» атты облыстық байқауы өтті.
Мектеп басшыларының қоғамда парасаттылықты қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту, сыбайлас жемқорлық мәдениеттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға алты аудан мектептері мен бір қала мектебінің директорлары қатысып, біліктіліктерін сынады. Байқау үш кезеңнен тұрды.
Атап айтқанда, «Мен адалдық жаршысы, ту ұстаған» атты бірінші кезеңде қатысушылар білім саласына сіңірген еңбектері туралы және өздері басқарып отырған мектептің дамуына қосқан оқушыларының жетістіктерін слайд, бейнебаян арқылы таныстырса, «Білікті басшы – өнерлі басшы» атты екінші кезеңде өз өнерлерін көрсетті. Ал, үшінші «Ұшқыр ойлы басшы» кезеңінде мектеп директорлары билет бойынша берілген сауалдарға жауап беріп, білімдерін сарапқа салды.
Нәтижесінде, аудан намысын қорғаған Кенбай орта мектебінің директоры Бекбол Омаров І орынды жеңіп алып, «Парасатты мектеп басшысы» атағын иеленді.
Ендеше, парасатты мектеп басшысы Бекбол Омаровты жеңісімен құттықтап, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарын сіңіре отырып, сапалы білім, саналы тәрбие беруінем тілекшіміз.
Бауыржан САҚТАСИНОВ