Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қорытынды сынақ жақындап қалды

Тағы бір кезекті оқу жылының аяқталуы жақын. Санаулы күндерден кейін елімізде мектеп бітірушілердің 11 жылдық білімін сараптайтын ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталады.

Бұл түлектер үшін үлкен сынақ. Өйткені, олар алтын ұя – мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. ҰБТ-ның қорытындысымен жақсы көрсеткішке қол жеткізсе қалаған мамандығының иесі атануға мүмкіндік мол. Аудан бойынша ұлттық бірыңғай тестіні өткізу 21 маусымға белгіленді. Ал, мектеп бітіруші түлектердің тестілеуге даярлығы қандай деңгейде? Оларды сынақтан өткізетін тестілеу орталығы дайын ба? Аудандық білім бөлімінің басшысы Аманкелді Бағдаровтың айтуынша, биылғы жылы аудандағы жалпы білім беретін мектептердің 11-сыныбын 377 оқушы тәмамдайды. 10 мамырда мектеп түлектерінен тестілеуге қатысу жөнінде өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Белгілі болғанындай, ұлттық бірыңғай тестіге қатысуға 233 оқушы өтініш берген. Қазіргі таңда ҰБТ-ны үйлестіру және өткізу жөніндегі штабтар құрылып, жұмыстар жүргізуде. Түлектерді сынаққа дайындау ісімен мектеп басшылығы, пән мұғалімдері жан-жақты айналысуда. Тестілеуден өтуге ниет білдірген шәкірттерді психологиялық тұрғыдан әзірлеу – мектеп психологтарының жұмысы. Тест орталығындағы 9 аудиторияға бейнекамера, салқындатқыш (сплит система) орнатылды. Сондай-ақ, металіздегіш, телефон дабылын тұншықтырғыш құралдары мен биотуалет жұмыс жасайды. Құқықты тәртіпті орнату, оқушылардың денсаулық қауіпсіздігін сақтау мақсатында ішкі істер бөлімімен және аудандық ауруханамен бірлесіп, кезекшілік кестесі жасақталса, сынақ тапсыратын мектеп бітірушілерді тасымалдауға автокөліктер ұйымдастырылып, жатақхана және тамақтандыру орны әзірленді.

– Ақылы негізде сегіз рет өткізілген байқау сынағының бесеуі аудандық тест орталығында ұйымдастырылса, 67 оқушы «Ақжол» білім беру орталығында білім алды. Бүгінде жалпы орта балл 77,8 құрап отыр. Шекті баллға жете алмаған оқушылармен жеке жұмыстар жүргізілу мақсатында тест орталығында байқау сынағы өткізілді. Өткен оқу жылында білім сапасы 49,2 пайыз болса, биылғы оқу жылының қорытындысымен аудан бойынша білім сапасы 52,4 пайызды құрап отыр. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудегі бір ерекшелік онлайн трансляциясын ұйымдастыру үшін жүйелік блок алынып, қазіргі уақытта қосу жұмыстары жүруде. Яғни, ата-аналар балаларының сынақ тапсыру сәтін үйлерінде отырып, ғаламтор арқылы көре алады, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Аманкелді Бағдаров.

Өткен жылдан бастап ҰБТ екі кезеңмен өте бастағаны белгілі. Бұл туралы ҰБТ-ны өткізу пунктінің №142 филиал жетекшісі Занзура Ермекованың түсіндіруінше, бірінші кезеңде мектеп бітірушілер қорытынды аттестаттаудан өтеді. Бұл емтихан барлық мектеп түлектері үшін міндетті әрі ол мектептің өзінде болады. Қорытынды аттестаттау аяқталғаннан кейін, жоғары оқу орнына түсуге талап білдірген түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Түлектер бес пәннен сынақ тапсырады. Оның үшеуі міндетті (оқу сауаттылық, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы), ал, екеуі таңдаған маман­дығына байланысты бейіндік пән. Міндетті пәндердің әрқайсысындағы 20 сауалдан 20 балл, ал, таңдау пәндеріндегі 30 сұрақтан 40 балл, барлығы 140 балл жиналуы тиіс. Шығармашылық емтихан тапсыратын түлектер оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихынан тестілеуден өтсе, бейіндік пәндерін өздерінің түсетін оқу орнынан тапсырады. Тестілеуге 3 сағат 50 минут уақыт берілсе, шекті балл 50 болып өзгеріссіз қалды. Ал, шекті балл жинай алмағандарға биылғы жылдың тамыз айында және 2019 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Бүгінгі күні мемлекет дамуы қарқындаған сайын білімге қойылатын талап та күшейіп барады. Ендеше, мектеп бітіруші түлектерге болашағына жол ашатын ұлттық бірыңғай тестіден жақсы көрсеткішке ие болып, «дүниенің бір кірпіші болып қалануына» тілектеспіз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521