Ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда қазақстандық оқушылар 3 алтын, 13 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Яғни аралық қорытынды бойынша ұлттық құрама қоржынында 6 пән бойынша 23 медаль бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған. Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты.
Бұл соңғы 12 жылдағы үздік нәтиже болды. Физикадан халықаралық олимпиадада оқушыларымыз 1 алтын, 4 күміс медальға ие болды. Бұл - соңғы 8 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Былтыр ұлттық құрама қоржынына 5 күміс медаль түскен болатын.
Географиядан өткен халықаралық олимпиадада оқушыларымыз екінші жыл қатарынан алтын медаль жеңіп алды. Биыл да 1 қола медальға ие болдық. Биологиядан халықаралық олимпиадаға қатысушылар 3 күміс және 1 қола жеңіп алып, былтырғы нәтижелерін жақсартты.
Өткен жылы 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ 1 құрмет грамотасын жеңіп алған болатын. Зияткерлік сайысқа қатысқан жас химиктеріміздің де жоғары деңгейде өнер көрсетті. Олар 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды. Оның үстіне бұл 2017 жылдан бергі алғашқы алтын болды. Сонымен қатар қазақстандық оқушылар лингвистикадан халықаралық олимпиадада алғаш рет 2 қола медаль жеңіп алды.
«Алдағы уақытта информатикадан халықаралық олимпиада өтеді. Мен оқушыларымыздың халықаралық олимпиадада ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімім мол. Олимпиадаға қатысушылар мен жүлдегерлерге қажырлы еңбегі, күш-жігері мен табандылығы үшін алғыс айтамын. Күнделікті жұмысы және жоғары кәсібилігі үшін әріптестеріме де рахмет айтқым келеді. Биыл Президенттің қолдауының арқасында алғаш рет оқушыларымыз 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақыға және ҰБТ-дан өтпей-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу үшін грантқа ие болады. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да біржолғы сыйақы алады» , - деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.