Биылғы жаңа оқу жылы мұқырлықтар үшін зор қуанышпен басталды. Аудандағы ең үлкен ауылдық округтердің бірі саналатын бұл ауылға бұған дейін бір мектеп аздық етіп жүрген болатын.
Осы орайда, жергілікті тұрғындардың сұранысына орай 2018 жылы жаңа мектептің іргетасы қаланып, биылғы жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды.
Соған сай, кеше жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, ауданнның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Барсай Бақыт, аудандық білім бөлімінің басшысы Өтепберген Әділов, мектеп құрылысын жүргізген «Эко Пласт» ЖШС өкілі Марат Қапановтар қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ұлт ұстазы Ы. Алтынсариннің 180 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі:
– Биылғы жаңа оқу жылы мұқырлықтарға қос қуаныш сыйлап отыр. Оның бірі – алғашқы қоңырау салтанаты болса, екіншісі – білім беру стандарттарына сай заманауи үлгідегі жаңа мектептің ашылуы. Бұл Тәуелсіздік жылдары ауданымызда бой көтерген осы заманғы зәулім әлеуметтік нысандар легінің жалғасы. Жаңа мектеп жаңаша жұмыс жасайды, нағыз білімнің ордасы болады деген ойдамыз. Осында оқитын оқушылар заман талабына сай жақсы, терең білім алады деп сеніп білдіремін, - деді.
Одан әрі аудан басшысы биылғы жылы бірінші сыныпқа қабылданып жатқан оқушыларға «Әліппе» оқулығын табыс етті. Жаңа мектептің лентасын педагогика ғылымдарының докторы, білім беру ісінің үздігі, 1979-1990 жылдары Мұқыр орта мектебінің директоры болған Барсай Бақыт пен ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Амангелді Сәрсенбаев қиды.
Сөйтіп, оқушылар мен ұстаздарға есігін айқара ашқан білім ордасы расымен де заманауи үлгіде салынып, іші жаңа заманғы барлық құрал-жабдықтарымен қамтылған екен. Осы орайда, 424 оқушыға арналған бұл мектеп жалпы білім беретін №2 орта мектеп болып ашылғандығын айта кеткен жөн.
Өз тілшіміз