Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАЙТАРЫЛҒАН ҚАРЖЫҒА ЖАҢА МЕКТЕП

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда. Соның бірі – Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жамансор елді мекеніндегі  мектеп-интернат.

Бұл мектеп жамансорлықтардың көп жылғы арман-мақсаты еді. Қазіргі таңда ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналары 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды Мұқыр орта мектебіне, Мақат ауданының Доссор кентінде орналасқан С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр. Тіпті, Атырау, Құлсары қалаларындағы туысқандарының үйлерінде жатып оқитындар да бар. Наурыз айында басталған 80 орындық мектеп пен 60 орындық интернаттың құрылысы қараша айында аяқталуы тиіс. Құрылысты жүргізіп жатқан «Жиенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.  
Бүгін сәуір айында құрылысы басталған мектептің іргетасына капсула құю іс-шарасы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, аудан әкімі Қанат Әзмұханов, прокуратура органдарының қызметкерлері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және елді мекен тұрғындары қатысты. 
Шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде заңсыз шығарылған активтерді қайтару және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы орайда қайтарылған қаржы есебінен Жамансор елді мекенінде жаңа мектеп-интернат құрылысына уақыт капсуласын салу рәсіміне жиналып отырмыз. Бұл шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына және «Заң мен тәртіп» идеологиясының ұстанымдарына толық сәйкес келеді. Бұған дейін ауылдағы бастауыш мектепті аяқтаған оқушылар әрі  қарай көрші ауылдарда білім алатын. Бала үшін үйіне жақын, қауіпсіз және жайлы ортада оқу өте маңызды. Сондықтан қайтарылған қаражат есебінен 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернат салу туралы шешім қабылданды. Құрылысы аяқталып, пайдалауға берілген соң бұл мектеп тек жергілікті жердің балалары ғана емес көрші ауылдардың балаларын да қабылдайды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл мектеп – тек білім ордасы ғана емес болашаққа деген сенімнің белгісі болсын. Ал осы мектептен еліміздің білімді де тәрбиелі азаматтары өсіп жетілсін, - деді. 

Бұдан кейін сөз алған Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында берілген Бас Прокурордың нұсқауларын орындау мақсатында Атырау облысы прокуратурасымен өңірдің бюджетіне 70 миллиард теңгеден астам қаражатты, 11 миллиардқа жуық заңсыз иемденген активтердің қайтарылғанын тілге тиек етіп, Бас Прокурордың қолдауымен қайтарылған қаржының есебінен Жамансор елді мекенінде мектеп-интернаттың құрылысы басталғанын жеткізді.
Құттықтау тілегін білдірген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев «Бұл – Бас Прокуратура тарапынан облыс халқының сұранысы мен қажеттілігіне сай көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Мектеп – қоғам үшін аса маңызды. Ал жаңа мектеп құрылысының іргетасына капсула қою болашақтың жадында мәңгілік тарих ретінде сақталатын тәрбиелік мәні зор оқиға. Жаңа мектеп – еліміздегі заманауи алаптарға сай жабдықталған, білімді ұрпағымыздың болашағына жол ашатын білім ұясы болсын» деді.
Құттықтау тілектерден соң Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және Мұқыр ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ақниет Сахиевтердің қатысуымен мектеп іргетасына капсула қою рәсімі өтіп, медиуэцина саласының ардагері Ақниет Сахиев  ақ батасын  берді. Салтанатты рәсімнен соң шара қонақтары мектепке мұра ретінде дайындалған «Ізгі ниеттер» альбомына құттықтау тілектерін жазды.
Осылайша Жамансор елді мекені  тұрғындарының көп жылдан бергі армандары орындалып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. 

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT