Бүгінгі таңда Қызылқоға ауданының 132 кезекші сыныбында 1 506 оқушы оқиды, деп хабарлайды ATPress.kz.
Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Өтепберген Қалыбайұлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында оқыту кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау үшін 14 дезинфекциялық туннель, 6 000 дана резеңке қолғап, 10 230 дана маска, 47 тепловизор, 46 дезинфекциялық кілемше және 46 дана кварц шамы алынғанын мәлімдеді.
- Мектептерде санитарлық шаралардың сақталуын қатаң бақылаймыз. Сонымен қатар, аудан бойынша 14 мектепте гуманитарлық пункттер жұмыс жасайды. Қамқоршылық кеңестердің шешімі бойынша 78 отбасыдағы 152 оқушыға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер берілді. «Мектепке жол» акциясы аясында 6 балаға ұялы телефон, ал демеушілік қаражат есебінен 297 балаға мектеп құралдары, телефон, киім-кешектер, роутер-модем алынды. Әрбір баланың білім алуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Қазіргі уақытта 1-11 сынып аралығындағы 4 675 оқушы онлайн режимінде қашықтан кедергісіз білім алып отыр, - деп баяндады Өтепберген Қалыбайұлы.