Атырауда оқушылар мен ата-аналар арасында танымалдыққа ие болған «Jas Up» білім беру жобасының жаңа кезеңі басталды. 8 маусымнан бастап алтыншы лек өз жұмысын бастады — оған қала мен облыстың түрлі аудандарынан 450-ден астам бала өтінім берді.
«Jas Up» жобасы — жай ғана курс емес, бұл технологиялар мен инженерия әлеміне жасалатын үлкен қадам. Атырау қаласындағы «KazRobotics» федерациясының филиал директоры Асқар Алданның айтуынша, жазғы бағдарлама 31 шілдеге дейін жалғасады және төмендегі он бағытты қамтиды:
Arduino негізіндегі робототехника
Python тілінде бағдарламалау
Жасанды интеллект (маусымның жаңалығы!)
Мобильді қосымшалар әзірлеу
Веб-бағдарламалау: HTML, CSS, JavaScript
Инженерияға кіріспе
Blender бағдарламасында 3D-модельдеу және 3D-басып шығару
2D/3D-модельдеу және лазерлік кесу
Қолданбалы математика мен физика
Оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен өтетін STEM-жобалар
— Алдыңғы лекте 100-ден астам бала қатысқан болса, бұл жолы қатысушылар саны бірнеше есе артты. Бұл — практикалық білімге деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанының дәлелі, — деді Асқар Алдан.
Жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында, «KazRobotics» федерациясы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Жылыой жас техниктер станциясы және «Teren Oi» даму орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Сабақ форматы — интерактивті және шынайы өмірдегі тапсырмаларға барынша жақын. Бұл бастауыш және орта буын оқушыларының қызығушылығын оятуға аса маңызды. Мұғалімдер тәжірибеге, командалық жұмысқа және шығармашылық тәсілге ерекше мән береді — мұнда балалар тек оқып қана қоймай, нақты жобалар жасайды.
Курстар аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табысталады, ал ең үздік идеялар мен жобалар қала және республикалық деңгейдегі робототехника мен инновация байқауларында ұсынылады.
«Jas Up» жобасы өз ауқымын кеңейтіп, болашақ инженерлерді, IT-мамандарды және өнертапқыштарды даярлайтын өңірлік орталыққа айналуда. Бұл жаз балалар үшін тек қызықты ғана емес, сондай-ақ шынайы шабыт көзіне айналмақ.