Береке мен бірліктің бастауы болған көрісу күнін (Амал мерекесі) ембілік мұнайшылар өткен аптаның бейсенбісі күні «ҚайнарМұнайГаз» мұнай газ өндіру басқармасының аумағында орналасқан Кенбай кен алаңында өткізді.
Оған «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев, аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, акционерлік қоғамға қарасты барлық басқарма ұжымдары, жергілікті атқару органының өкілдері, ембілік ардагер-мұнайшылар қатысты.
Бұл күні ауа райының салқындығына қарамастан Кенбай кен орнында бас қосқан ембілік мұнайшылардың көңіл-күйлері көтеріңкі, жүздері жарқын болды. Бір сәтке арнайы жұмыс киімдерін шапан, бешпет, камзол, кәжекей секілді ұлттық киімге алмастырған мұнайшылар бір-бірімен құшақтаса көрісіп, ізгі тілектерін білдіріп жатты. Әр басқарма тіккен киіз үйде ұлттық тағамдарға толы мерекелік дастарқан жайылып, қазан асылды. Олардың ұсынған наурыз көжелерінен дәм татқан қонақтар «ҚайнарМұнайГаз» МГӨБ ұйымдастырған Кенбай этно ауылды тамашалады. Киіз үйдің ішіне ұлттық жәдігерлер қойылса, сыртында құмай тазылар байланып, ауласында төрт түлік мал қамалды. «Тас кешу» базарына мұқырлық кәсіпкерлер ұлттық тағамдар құрт, айран, қаймақ-май, шұбатпен бірге нан, ет, балық өнімдерін қолжетімді бағаға сатты.
Толығырақ «Қызылқоға» газетінің кезекті санынан оқи аласыздар