Қылышын сүйретіп қыс та жақындап қалды. Бұл қауіпсіздікке жауап беретін барлық күштік құрылымдардың сыналар сәті.
Соған сай, өткен аптаның жұмасы күні Миялы ауылында «Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған полиция, өрт сөндіру, электрмен қамту, «Қазсушар», «Қазтрансгазаймақ» РМК мекемелерінің аудандық филиалы, жедел жәрдем бөлімі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Жаңа Арна» ЖШС және тағы басқа да қауіпсіздікке жауапты құрылымдардан 23 техника мен 90 адам қатысты.
Оқу-жаттығу жиынына аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Айбол Карин арнайы келіп, мекемелердің қысқа дайындық барысымен танысты. Оқу-жаттығу жиыны кезінде әр мекеме өздерінде бар құрылғылар мен техникаларды таныстырып, олардың қалай жұмыс жасайтындығын көрсетті. Күштік құрылымдардың қысқа дайындығын жеке-жеке тексерген аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев:
– Қыс – салғырттықты кешірмейді. Сондықтан, әр мекеме сақадай-сай болуы тиіс. Әсіресе, жарық, жылу, ауызсумен қамтитын құрылымдарға артылар жүк ауыр. Барлық мекеме қордағы жанармайдан бастап, техникалардың жүріп-тұруы, тұрақты кезекшілік, байланыс сияқты жасалуы тиіс шараларды осы бастан қолға алған жөн. Әрине, аудан әкімдігі тарапынан да қажетті көмектер көрсетіледі, – деді.
Дулат БЕРІКҰЛЫ.