«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы ағымдағы жылдың маусым айынан бастап өз жұмысын бастап, ашылу салтанатын өткізді.
Биылғы жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағымен 240 жас қамтылады. 2005 жылы елбасының бастамасымен жүзеге асқан жобаға жыл сайын 16 мен 29 жас аралығындағы жастарды жұмысқа алып, жаз айларында көгалдандыру, тал егу бағыттары бойынша еңбекке тартылып келеді. Көгалдандыру бағыты бойынша 200 жас маусым, шілде, тамыз айларында қызмет етеді, 40 жас қазан айында жас көшеттер отырғызады. Биылғы жылдың бір ерекшелігі, жастар тек аудан орталығында шоғырланады, ауданға қарасты ауылдардың жастары да бір ай бойына аудан орталығына келіп қызмет етуіне болады. XV маусымының ашылу салтанатын өткізген жастар қазіргі таңда маусым айының жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен. Жалындаған жастардың концерттік бағдарламалары «Тәуелсіздік» саябағында өтіп, онда әуелеген әндер шырқалып, нағыз жастық шақтың би өнерін ортаға салды. «Жасыл ел» -деп шырқаған әнұрандары патриоттық рух сыйлады.
Кеш барысында сөз алған жастар ресурстық орталығының басшысы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жетекшісі Қуанышбек Кәрім жастарға жалындап тұрған шақтарын тиімді өткізуге, оларды өз елінің патриоттары болуға шақырды. Жаңа заманның тегі бөлек, теңдігі бір жастарды білім мен біліктілікке талпынып әрекеттенуін, еңбектеніп өсулеріне ниет білідіріп, жасыл елдіктерге ашылу салтанатымен құттықтады. Жастардың жұмыс жасауына ыңғайластырып тегін футболка, кепка, қолғаптармен қамтамасыз етілген. Сарбаздар ауданымыздың көгалдандыру жұмыстары мен көше бойындағы алаңдарды арамшөптерден тазартып, абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Жасақшылар осы маусымдарда жасаған еңбектері үшін 61 мың теңге көлемінде жалақы алады. Жұмыс күні дүйсенбі мен жұма күндері аралығында болады. Жұмыс беруші талабы бойынша 18 жасқа толған жастар 8 сағат жұмыстар атқарса, 18 толмаған жастар 7 сағат жұмыс жасайды. Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтамасыз ете отырып, оларды өз елінің патриоттары бола білуге маңызы зор жобаның ауылға көгалдандыру жұмыстарын жүргізу арқылы өз елінің игілікті ісіне алаңдаушылықпен қарайды деп білеміз.
Айсәуле АРДАҚҚЫЗЫ