Миялы спорт кешенінде «Жарқыра Қазақстан, жарқыра туған жер» тақырыбында өткен аудан әкімінің шыршасына аудандағы он төрт орта, төрт бастауыш мектептерден 110 бала қатысты.
Олардың дені ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың балалары және оқуда озат, спорттық жарыстарда, өнер, білім сайыстарында үнемі жүлдеге ие болып жүрген талантты оқушылар. Мерекелік шараның шымылдығы Миялы өнер мектебінің мұғалімі Гүлмая Орынбайдың орындауындағы «Қош келдің, Жаңа жыл» әнімен ашылған соң, «Жаңа жыл» әні мектеп балаларының хорымен шырқалды. Шырша қуанышына жиналған оқушыларға құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Арман Баженов:
– Бүгінгі Жаңа жылдық шырша айналасына аудандағы барлық білім беру ұйымдарының оқушылары жиналды. Өтіп бара жатқан жылда сендер білім алдыңдар, спорттық жарыстарда, өнер, білім сайыстарында жетістікке жеттіңдер, түрлі конкурстарда жеңімпаз атанып, аудан абыройын асқақтаттыңдар. Осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын. Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер!, – деді.
Құттықтау лебізінен кейін аудан басшысы ата-ана қамқорлығынсыз қалған он бір балаға жаңажылдық сыйлығын табыс етіп, шыршаның шамын жақты. Оқушылар ескі Ит жылын шығарып салып, Доңыз жылын қарсы алды. Ал ортаға келген Аяз ата мен Ақшақар балалармен амандасқан соң бишілермен бірге би билеп, күй тартып өз өнерлерін көрсетті. Шара барысында Миялы өнер мектебінің өнерпаздары Нәзира, Бибінұр Үсенқыздары «Мерекелеріңізбен», Мақсат Мерғалиев «Періште бала тілегі», Айару, Әсемай Дәуренқыздары «Келді міне, Жаңа жыл», Б.Жоламанов, Ө.Сәкенұлы, Қ.Дәулет «Бөбектердің ойыны» әндерін орындап, «Қарлығаш» домбырашылар ансамблі «Келіншек», ұлт-аспаптар ансамблі «Ыңғайтөк» күйін орындады. Сонымен бірге, аудан әкімінің шыршасына қатысушылар «Жасұлан» балабақшасының бүлдіршіндерінің «Микки маус» биін, А.Өміров атындағы балалар өнер мектебінің «Жұлдыз» бишілер тобының «Африка» және жаңажылдық заманауи биін, Қоныстану балалар өнер мектебінің «Ақшақарлар» биін тамашалады. Сөйтіп, әсем әуеннің ырғағында шыршаны айнала билеген оқушылар кешті көңілді өткізіп, Аяз атаның сыйлықтарына ие болды.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.