Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жалған дін жарға соқтырады

Өткен аптаның сейсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының өкілдері тұрғындармен кездесті.

Кездесудің мақсаты – діни сауаттылықты арттыру, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, дін саласына қатысты мәселелерді шешу жолдарын түсіндіру.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов ашып, келген қонақтарды таныстырып өткеннен кейін сөз алған облыстық дін істері басқармасы «Ақпараттық талдау орталығының» бөлім маманы Ернар Абзаловтың айтуынша, қазақ халқы ата-бабамыздан бері Ислам дінін ұстап келе жатқанымен 70 жыл бойы дінсіз мемлекеттіктің құрсауында болып, діннен аластатылды. Ал, егемендігімізді алып, есігіміз ашылғаннан кейін «қой терісін жамылған қасқырлар» секілді діннің атын жамылып, экстремизмнің негізгі мақсатын пайдаланған ұйымдар елімізге кіріп кетті. Сол топтар діннен хабары жоқ жастардың басым көпшілігін өздеріне қосып алды. Мұның ақыры еліміздің бірқатар қалаларында орын алған атыстарға, жарылыстарға соқтырды. Сондай-ақ, Таяу Шығыс, Сирия, Ауғанстан мемлекеттерінде болып жатқан соғыстарға қазақ жігіттерінің топ-тобымен кетулеріне әкелді. Солардың бірі – Атырау облысының Дамир Зналиев деген азаматы. Бұл азамат 2011 жылы Ауғанстан елінде жүріп жатқан соғыс әрекеттеріне кетеді. Бес жылдан соң қолға түсіп, елге қайтарылады да жиырма жылға бас бостандығынан айырылады. Теологтармен, психологтармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл азамат райынан қайтып, өткен істеріне өкінуде.

– Ислам дінін жамылып лаңкестік әрекет етушілер әуелі Дамир Зналиев секілді жастарды діни білімдерінің таяздығын пайдалана отырып, өз қатарларына қосады да сол арқылы топтарына басқа да жастарды тарта отырып, оларға ықпал ете бастайды. Ұйымға қосылғандардың отбасыларынан, ата-аналарынан, бауырларынан, туысқандарынан, достарынан айыру үшін кез келген лаңкестер тобы оларды отбасы құндылықтарына, мемлекетіне, ұлттық салт-дәстүрлерге қарсы қоя отырып, тілдік саясатты жүргізеді. Бүкіл халықтың тарихын жоққа шығарып, барлығынан біржола күдер үздіреді. Соңында, уағыз айтушылардың сөзіне еріп отбасынан айырылған, мемлекетін, салт-дәстүрін, тілін, тарихын жек көріп, барлығынан безген жан лаңкестік ұйымның мүшесі болып шығады. Сөйтіп, басқа бір елде, өзі білмейтін жандардың мүддесі үшін соғысады. Ақыр аяғында олардың іс-әрекеттерінің дұрыс емес екендігіне көз жеткізгенімен, бәрі кеш болады. Өкінішке бой алдырмас үшін жас жеткіншектердің тәрбиесіне көңіл бөліп, тура жолға бағыттап отырайық. Әйтпесе, жалған діннің жарға соқтырары сөзсіз , – деді Ернар Абзалов.

Бұдан кейін мінбеге шыққан «Шапа-ғат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚҚ-ның теологі Шүкіриддин Темірқұлұлы Қазақстанда жастарды құрығына түсіріп жатқан Уәһһабилік-Сәләфилік деструктивті діни ағымдардың шығу тарихы, олардың түрлері мен ерекшеліктері, намаз оқу үлгілері туралы сөз етсе, теолог Аманкелді Оразов жастарды әлеуметтік желіде деструктивті діни ағымдардан сақтануға, жат ағымдардың ақпаратын таратып істі болып кетуден сақтануға шақырды.

Кездесу барысында сотталушы Дамир Зналиев туралы түсірілген бейнебаян көрсетіліп, тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT