Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің институционалдық жағынан қамтамасыз етілуін арттырып, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, жергілікті және өзін-өзі басқару органдарының жұмысын одан әрі жетілдіру, барлық елді-мекенге абаттандыру-көгалдандыру, санитарлық жай-күйін қамтамасыз ету мақсатында, аудан әкімдігінің сұранысы бойынша облыс әкімі Серік Шапкеновтың қолдауымен шаруашылық көліктері алынып, оны арнайы тапсыру үшін салтанатты шара ұйымдастырылды.
Онда алдымен құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
- Ауданымызды таза ұстау, инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті техникалар алынды. Жыл сайын қар суы еріген кезде арнайы техникалардың болмауынан зардап шегеміз. Облыс әкімінің қолдауымен ауданға 18 жаңа техника алынды. Бүгін соның алды табыс етілсе, қалғаны жыл соңына дейін беріледі - деді.
Сөйтіп, 3 дана жүк тиегіш «Камаз», екі дана лас суды соратын (вакуум) көлік, экскаватор, тиегіш (погрузчик), жол тазалайтын және автогрейдер техникалары халық игілігі үшін берілді. Су жаңа көліктер аудан халқының игілігі үшін қызмет етеді деген сенімдеміз.
Кәмшат ӘБІШ
Суретті түсірген автор