Әдеттегідей, аудандық сот ғимаратында сот пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайтып, соттың ашықтығы мен қолжетімділігін насихаттау, сот төрелігінің сапасын арттыру, биылғы жылдың бірінші тоқсанында жасалған жұмысты қорытындылау мақсатында брифинг болып өтті.
Оған «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов қатысты. Брифингте алдымен сөз алған аудандық сот төрағасы Айдын Байназаров:
– Биылғы жылы 3 айда азаматтық істердің сотқа түсу деңгейі едәуір төмендеді. Бұл тұрғыда сотқа түскен талаптың азаюы дауды сотқа дейін реттеу шараларының тиімді нәтижесі екендігі анық. Қазіргі сот жүйесінде татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейтіп, дауды мейілінше бітімгершілікпен аяқтау жұмыстарына аса көңіл бөлініп отыр. Осы орайда, биылғы жылы Азаматтық процестік кодекске «сотқа дейін реттеу хаттамасы» деп аталатын жаңа институт енгізілді. Аталған жаңа жобамен, татуласу рәсімін қолдануға тиісті азаматтық істерге сотқа дейінгі хаттама жасақталып, медиация тәртібімен тоқтатылған істердің үлес салмағы былтырғы жылдың 3 айымен салыстырғанда 50 пайызға артты. Мәселен, былтырғы жылдың 3 айыда тоқтатылған 6 азаматтық істің бесеуіне ғана медиация тәртібі қолданылған болса, биылғы жылдың үш айыда тоқтатылған 12 азаматтық істің барлығы да медиация тәртібімен тоқтатылып, тараптар татуласуға қол жеткізді. Осылардың ішінде 10 азаматтық іске сотқа дейінгі хаттама жасақталды. Сөйтіп, татуластыру аясындағы жаңа норма тиімділігін көрсетуде. Бір айта кетерлігі – былтырғы жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы, көлікті алкогольдік масаң күйде басқару, отбасы тұрмыстық-құқықтық қатынастар аясындағы әкімшілік құқықбұзушылық істердің деңгейі азаймай отыр. Ал, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарда ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары оң бағытта жүргізіліп жатқандығы, істердің жеке шағым, өтінішхаттар бойынша апелляциялық сатыда қаралу көрсеткіштеріне талдау кезнде аталған мерзімде сот үкімдері мен сот шешімдерінің бұзылуына, күші жойылуына жол берілмегендігі көңілге қуаныш ұялатады. Бұл әріптестеріміздің нәтижелі жұмысы екендігі сөзсіз, - деді.
Шара барысында, сот төрағасына бірнеше сауал қойылып, нақты жауап берілді.
Сатыбалды САҒЫМПАЗ