Мал шаруашылығымен айналысатын ауданда да құрылыс саласының өзіндік орны ерекше.
Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Ал, сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. Құрылысшы – адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес тамыз айының екiншi жексенбiсi «Қазақстан құрылысшылары күнi» деп жариялаған болатын.
Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Еліміз Тәуелсiздiк алғаннан кейін жылдары құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбейдi.
Мал шаруашылығымен айналысатын ауданда да құрылыс саласының өзіндік орны ерекше. Аудан экономикасының дамуы заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандардың бой көтеруімен, тұрғын үй, жол құрылыстары жаңаша сипат алады. Кәсіби мереке қарсаңында аудандық құрылыс бөлімінен білгеніміздей, сала қызметінің қадағалауымен жүзеге асып жатқан жұмыстарын саралап көрдік.
Биылғы жылы ауданда білім, мәдениет салалары және тұрғын үймен қамту бойынша құрылыс нысандары салу жүйелі жолға қойылған. Атап айтқанда, биылғы жылы Қарабау және Жасқайрат ауылдарынан екі пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, Миялы ауылынан 3 қатарлы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптама жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жобаны іске асыру келесі жылға жоспарланып отыр.
Инженерлік инфрақұрылым
Қазіргі таңда ауданда жер кезегінде тұрған халықтың өтініштеріне сәйкес инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Биылғы жылы Мұқыр ауылынан 142 жер теліміне арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (электрмен жабдықтау) аяқталып, жер беріле бастайды. Сондай-ақ, Миялы, Сағыз, Жасқайрат және Қоныстану ауылдарынан 683 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындалса, Жасқайрат және Қоныстану ауылдары бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынып, қалған жобаларға сараптама жүргізілуде. Қазіргі таңда, Сағыз ауылының шығыс бетіндегі ықшамауданның ескі желісін ауыстыру үшін электр жүйелерінің құрылысы жүрі жатса, Жамансор елді мекенін электр желісімен жабдықтау құрылысы қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Ал, Мұқыр ауылы мен Кенбай, Жантерек елді мекендерін электр желісімен жабдықтау құрылыстарына сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Ауыз су мәселесі басты назарда
Миялы ауылында соңғы жылдары ауыз су тапшылығы байқалуда. Алдағы уақытта қолданыстағы жер асты су қорының азаюына байланысты «Тайсойған» жер асты су қорынан су құбырын жүргізу қажеттілігі туындады. Қазіргі кезде «Тайсойған-Миялы» магистралды су құбырының құрылысы бойынша жайындалып жатқан жобалық-сметалық құжаттаманы жыл соңына дейін аяқтап, алдағы жылдарда құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Сағыз ауылының халқын тұрақты ауыз сумен қамту үшін жаңадан ІІ көтерілімді су стансасы және көлемі 2000 текше метр су қоймасын (резервуар) салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Су беру көлемін арттыру үшін «Кереген» жер асты су қорындағы үш ұңғыманың құрылысы шілде айында басталды. Жыл соңына дейін үш ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, аудан көлемінде халықтың қолжетімді әрі таза ауыз сумен қамтамту үлесін арттыру үшін Айдын, Бүйрек, Қосқұлақ және Кенбай елді мекендеріне ауылішілік су құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптаманың оң қорытындылары алынды. Ал, Тасқұдық ауылын ауыз сумен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Соңғы аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан бойынша 26 елді мекеннің 18 елді мекені немесе 70 пайыз таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Әлеуметтік нысандар өркениет көшінде
Аудан көлемінде жалпы құны 3 857,0 миллион теңгені құрайтын 8 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Мұқыр ауылындағы 424 орындық орта мектептің құрылысы ағымдағы жылдың қараша айында, ал Сағыз ауылындағы аусымына 50 келушіге арналған жанұялық дәрігерлік амбулаторияның құрылысын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Күні бүгінде Қаракөл ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункттің (ФАП) құрылыс нысаны қабылданып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсыру жұмыстары жүргізілуде. Тасшағыл ауылындағы 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы шілде айында басталды. Құрылыс нысаны 2021 жылдың қазан айында аяқталатын болады. Өткен жылы басталған Миялы ауылындағы ішкі істер бөлімінің әкімшілік ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары өз жалғасын табуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы бойынша Миялы ауылындағы «Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-сі ғимаратына және Жасқайрат ауылындағы «Шалқыма» мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталатын болады. Бұл жұмыстарға жергілікті жерден 35 жұмыс күші тартылды.
Сонымен қатар, барлық ауылдық округтерден өткен жылы басталған жануарларды ветеринариялық өндеуге арналған өткелек құрылысы маусым айында аяқталып, қабылданды. Алға қарай да осы жұмыстарды жалғастыру үшін аудан көлемінде бірнеше жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Атап айтқанда, Қарабау ауылынан 300 орындық мәдениет үйі, Тасшағыл және Жасқайрат ауылдарынан дене шынықтыру сауықтыру кешені, Тайсойған ауылынан 50 орындық және Жасқайрат ауылынан 100 орындық балабақша, Миялы және Сағыз ауылдарынан көп бейінді шағын спорт алаңдары, Миялы ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту, Сағыз ауылынан спорт кешені құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар, Сағыз ауылынан әкімшілік ғимаратының құрылысына жобалау-сметалық құжаттама байламы және Жангелдин ауылындағы Миялы орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Жоба 2021 жылы «Ауылым Ел-бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылатын болады.
Сондай-ақ, Жамансор елді мекенінен 120 орындық негізгі мектептің және 60 орындық интернаттың құрылысы мен Миялы ауылындағы IVA-IVГ жай геологиялық жағдаймен климаттық ауданда 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депо құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарын іске асыру көзделіп отыр.
Көгалдандыру және абаттандыру
«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы бойынша Миялы ауылының көшелеріне жарықтандыру жұмыстарына 54 745,0 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, Тасшағыл ауылының кірме жолын жарықтандыру үшін ЖСҚ-ның сараптамасына оң қорытындысы алынса, Жангелдин ауылының ауылының 1 км кірме жолына жарықтандыруға жобалық-сметалық құжат әзірленуде.
Миялы ауылының орталық көшелерін абаттандыруға жобалық-сметалық құжат дайындау үшін 1270,0 мың теңге бөлініп, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы көлемі 4000 шаршы метр жерге өрнектас төселетін болады. Миялы ауылындағы «Аққұл Сарбөпе» атындағы саябақты күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Сонымен қатар, Миялы ауылы Абай көшесінің оңтүстік жағынан парк құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындау жұмыстары басталды. Жобаларды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Автокөлік жолдары жаңартылуда
Сағыз, Мұқыр ауылдары мен Жамансор елді мекеніндегі кірме және ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарын «ГСК РиМ» ЖШС, «Айдана-ИК» ЖШС, «S.ALEM construction» ЖШС жүргізуде. Сондай-ақ, Сағыз ауылішілік автокөлік жолдарының (8,8 км) құрылысы мен Миялы ауылішілік автокөлік жолдарын күрделі жөндеуге (11,079 км) жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтті. Бұл жобалар алдағы жылдары жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда, Миялы (23 км) және Мұқыр (6 км) ауылішілік автокөлік жолдарына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Міне, жарқын болашаққа жоспарланған жаңа жобалар келешегіміздің кепілі болмақ. Сондықтан да, осынша жауапкершілігі зор жұмыстарды жүзеге асыру құрылысшы мамандардың еншісінде елдің игілігіне айналады. Еліміз бойынша тамыз айының екінші жексенбісінде аталып өтетін құрылысшы мамандардың кәсіби мекеркесі ауданымызда ауыз толтырып айтатын әлеуметтік жобалардың жоспарлануымен де маңызды.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ