Қызылқоға ауылдық округі, Қарабау ауылының тұрғындары «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбырын сенімгерлікпен басқарып отырған «Асыл-Агро» шаруа қожалығының үстінен шағымдарын айтты.
Осыған орай, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Нұралин және Қарабау ауылдық округінің әкімі Қанат Хайруллин жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Белгілі болғандай, аталған шаруашылық жеке қыстағына «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбырынан (қосымша құбыр арқылы) ауыз су алып отыр. Сөйтіп, бағымдағы төрт түлік малын – 500-ге жуық сиыр, бір отар қой және бес үйір жылқыны халық тұтынатын ауыз сумен суарып келеді. Қарабаулықтар мұндай қарқынмен болашақта сусыз қалудан қауіптенеді. Сондықтан, олар қожалық қосып алған құбырдың заңдылығын анықтап беруді сұрап отыр. Біз мәселенің мән-жайын аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтен сұрастырдық.
– «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбыры 2012 жылдан бастап «Асыл-Агро» шаруа қожалығына сенімгерлікке берілген. Сенімгерлік шартының мерзімі ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Қазір халыққа осы мекеме арқылы заң талаптарына сай тұрақты ауыз су беріліп отыр. Атап айтқанда, Қарабау және Бұхар ауылдарына күз-көктем айларында тәулігіне 50 тонна, жаз айында тәулігіне 120 тонна су беріледі. 2008 жылғы 15 желтоқсандағы №723 мемлекеттік комиссия хаттамасына сәйкес, Мұздыбұлақ жер асты су қоры тәулігіне 170 тонна су пайдаланған жағдайда 27 жылға немесе 2035 жылға дейін жетеді деп қорытынды берілген.
Енді тұрғындардың шағымына келсек, олардың айтып отырған мәселесінің заңдылығы жан- жақты қарастырылатыны, сондай-ақ, биылғы жылдан бастап осы топтық су құбыры мен ауылішілік су құбырын республикалық меншікке беру жұмыстары жүргізіліп жатқандығы ескертілді, – деді Нұрсұлтан Орақұлы.
Айта кетейік, «Асыл-Агро» шаруа қожалығы Қарабау ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан. Мал шаруашылығымен айналысу мақсатында 2011 жылы 5 мың гектар жерді жалға алған.