7 сәуірден бастап Атырау облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты облыстық штабтың алғашқы мәжілісі өтті.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, Атырау қаласының әкімі, жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық құрылымдардың басшылары қатысты. Бұған дейін көктемгі өр суынан қорғану жөніндегі жедел штаб сәуір айының басынан бері жұмыс істеген болатын.
Енді облыс аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты Атырау облысының әкімі, штаб төрағасы Серік Шәпкенов өткізген тұңғыш мәжілісте төтенше жағдай кезіндегі негізгі мәселелерді нақтылап, бірінші кезекте жүзеге асуы тиіс міндеттерді атап көрсетті.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев аймақ бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың зардабы туралы мәліметтерді баяндады. Арнайы учаскелер бойынша жауапты тұлғалар қазірге дейін атқарылған жұмыстар мен кездескен проблемалар жөнінде хабарламалар жасады. Штаб төрағасы Серік Шәпкенов меншік түріне қарамастан барлық субъектілердің төтенше жағдай кезіндегі нақты міндеттерін пысықтады.
Жайық өзені жағалауындағы ең қауіпті учаскелерде бөгет салу, бұрынғы қорғаныс дамбыларын қайтадан биіктету, соңғы кезде жекеменшік тұрғын үйлердің салынуына байланысты тиісті талапқа сай келмейтін бөгеттер мен кедергілерді жою жөнінде нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.
– Облыста қалыптасқан ахуал бізден қажеттілігіне қарай жедел әрі шұғыл шешімдер қабылдауды талап етеді. Гидроболжамға қарағанда, Жайық өзеніндегі су деңгейі 15-18 сәуірден бастап қауіпті деңгейде көтеріледі деп күтіліп отыр. Егер ауа райы желді болса немесе жауын-шашын көбейсе, су деңгейі күтілгендегіден де жоғары болуы мүмкін. Сондықтан, біз барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Облыс аумағындағы ахуалды ескере отырып, ірі кәсіпорындардың күш-қабілетін барынша жедел әрі тиімді ұйымдастырған жөн. Техникалар мен жұмыс күші өзен жағалауын бекіту жұмыстарына қарқынды түрде жұмылдырылуы тиіс, - деді С.Шәпкенов.
Облыс әкімі Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласындағы жұмыстарды күшейту бағытында төтенше жағдай кезінде қабылдануы тиіс барлық іс-шараларды жедел жүзеге асыруды, алғашқы кезекте құқық тәртібінің сақталуын, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуді міндеттеді.
Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы
t.me/oper_shtab_atyrau @oper_shtab_atyrau