Өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында аудан әкімдігінің ұйымдастырумен «Мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі» өтті. Оған аудандағы тиісті бөлім мекеме басшылары мен мамандар қатысты.
Онда алдымен сөз алған аппарат басшысы Асылбек Жанқуатов:
– «Мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі» осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Мақсат – аудан тұрғындарына өз көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап беріп, халыққа қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыру. Несін жасырайық, көп адамдар құжат жинақтап жүріп әр мекеменің есігін қағып, жүріп шаршайды. Қайдан кеңес алу керектігін білмей дал болады. Ал, осындай тығырықтан шығудың бір жолы осы жәрмеңке. Мұнда көкейде жүрген сан сауалдың жауабын тауып, мамандардан тұрғындар қажетті кеңесін ала алады деп сенемін, – деді.
Шара барысында ауыл тұрғындарына барлық көрсетілетін қызмет заңдылықтары кеңінен түсіндіріліп, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тұрғындарға «Электрондық үкімет», «Электрондық сандық қолтаңба» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде алу туралы ақпараттар берді. Жәрмеңкеге келген тұрғындар басым бөлігі жер, тұрғын-үй, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, салық заңдылықтары бойынша сұрақтарын қойды.
Ендігі кезекте, аудан халқының цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында алдағы уақытта «Мемлекеттік қызмет жәрменкесі» ауылдық округтерде де өткізу жоспарланып отыр.
Гүлмира Тілегенова.