Тарихы тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіләлемдік қоғамдастыққа қауіп төндіріп отыр.
Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды. Қауіпсіздік жағынан да, экономикалық тұрғыдан да қоғамымызға қауіп төндірер, орасан зор кесел келтірер осынау келеңсіз, әлеуметтік құбылысқа қарсы шараларды қатаң қолға алатын мезгіл әлдеқашан жетті. Содан да шығар, жаһанды жайлаған жемқорлықпен ел-жұрт болып, жұдырықтай жұмыла күресу – кезек күттірмейтін маңызды міндет болып табылатынын алға тартып, оның бағдарламасы мен бағыт-бағдарын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған әрбір сөзінде осы мәселені көтеріп, ұдайы назарда ұстап отыру қажеттігін меңзеумен келеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті үздіксіз және үнемі жүргізіп отыру керектігін, оны бүтіндей жоюға бағытталған кешенді жұмыс істеуіміз қажеттігін алдымызға міндет етіп қойған еді. Осыған орай аталған қылмысқа қарсы күресті тиімді қадағалау, алдын-алу, болдырмау мақсатында облысымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы құрылып, белсенді қызмет атқаруда. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Әкімдікпен сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізіп, жемқорлықпен күрестің алдын-алу бағытында ішкі талдаулар жасау, олардың нәтижесі туралы бұқаралық баспасөз беттерінде, телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы қоғам мүшелері ақпараттандырылып келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында ауданымызда «Атырау – адалдық алаңының» Қызылқоға аудандық жобалық кеңсесі 2019 жылдан бастап өз жұмысын жүргізуде. Жобалық кеңсе мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігі қағидаттарын қамтамасыз ету бағытында тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді.
Сайып келгенде сәтке болса да саябырсытуға келмейтін, жайбарақаттықты көтермейтін, ымырашылдықты кешірмейтін бұл мәселеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының, басқа да заңнамалық актілердің талаптары шеңберінде әрекет қылып, әдептен озбаған азаматтары бар ел ғана көздеген мақсат мүддесінен шыға алады.
Жарас ЕСЕНҒАЛИЕВ
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары,
жоба кураторы