Сейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Дүйсенбай Тұрғанов сайлаушылармен кездесті.
Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали ашып, жүргізіп отырды. Онда үміткер партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына қысқаша тоқталып өткен соң кездесу одан әрі ұсыныс-пікір айту бағытында өрбіді.
Кездесуде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына байланысты өзіндік ой-пікірлерін ортаға салған Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияның директоры Өтеуғали Дүйсәлі:
– Жыл өткен сайын еліміздің жағдайы жақсарып, халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Дейтұрғанмен халықтың тұрмыс-тіршілігінің одан әрі жақсара түсуіне депутаттардың ықпалы керек деп есептеймін. Бұл ретте, халықтың арасында танымал, беделді, қолынан көп жұмыстар келетін, ауыл өмірімен жақсы таныс, халықпен етене жақын адамдардың депутат болғаны жақсы. Егер Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутатты болып жатсаңыз ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін, өтініштерін, мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізеді деп сенеміз. Сәттілік тілеймін! - деді.
Бұдан кейін сөз алған қорғаныс саласының ардагері, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Есенбай Нұров Ойыл өзенінің қазіргі экологиялық жағдайы туралы әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, аудандағы 8 округтің малы мен жаны пайдаланып отырған Ойыл өзені екі жылдан бері тасымады. Биылғы жылы еріктілер тобы бір рет, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған экспедиция екі рет Ойыл, Қиыл өзендерінің бастауына барды. Экспедиция барысында өзен бойында салынған 34 бөгет-кедергі бар екендігі мәлім болды. Оның екеуі, яғни «Ералы» мен «Тамдыкөл» су қоймаларынан басқасы заңсыз салынған.
– Аталмыш мәселелер бойынша Ақтөбе және Атырау облысы басшыларының қатысуымен екі рет онлайн-конференция өтті. Енді келесі жылдың басында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен онлайн-конференция өткізу жоспарлануда. Алдағы уақытта Сізден Ойыл өзенінің жағдайын назарыңыздан тыс қалдырмай, ондағы заңсыз бөгеттерді бұзуға, өзен арнасын тазалауға мүмкіндігінше көмек берсеңіз игі, - дейді Есенбай Нұров.
– Әрине су мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Өйткені біздер суды тиімді пайдаланбаймыз. «Судың да сұрауы бар» дегендей суды ысырап қылмауымыз қажет. Ойыл өзенінен басқа облыстағы Жайық, Сағыз, Жем өзендерінің де жағдайы жақсы емес. Өзендердің тартылуы бағытында түрлі әңгімелер бар. Сондықтан алдымен зерттеліп, зерделеніп барып, тиісті шаралар алынғаны жөн. Бұл бағытта қолымнан келген бар көмегімді көрсетемін. Алдағы уақытта Ойыл өзені менің назарымда, бақылауымда болады. Су мәселесін күн тәртібінен түсірмей, үнемі көтеріп отыру қажет. Сондай-ақ, сумен бірге тазалықты да назардан тыс қалдырмауға тиіспіз. Еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу үшін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында алты қалада қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылмақ. Тізімде Атырау қаласы да бар. Бұл өз кезегінде облыста экологиялық ахуалды жақсартып, кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Сондықтан Сіздерді халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс жасайтын «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырамын, - деді Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Дүйсенбай Тұрғанов кездесу барысында.
Сондай-ақ, жиында «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Алберьт Аққайнанов сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы, ауданның Құрметті азаматы Найзабек Аралов Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміт¬кердің халықпен кездесіп, ашық пікірлескені үшін алғысын білдіріп, батасын берді.
«Nur Otan» партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді