Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ПАЙДАЛАНЫЛМАҒАН ЖЕР КЕРІ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Аудан әуімдігінің кіші мәжіліс залында «Amanat» партиясының «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында атқарылған жұмыстарды таныстыру мақсатында көшпелі комиссия отырысы өтті.

«Amanat» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Мәлік Кариев, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали, облыстық жер ресурстары департаменінің басшысы Гүлзия Құрманова, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары мен округ әкімдері қатысқан мәжіліске аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерболат Иғали төрағалық етті. 
    Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес хабарлама жасаған облыстық жер ресурстары департаменінің басшысы Гүлзия Құрманованың айтуынша, Қызылқоға ауданы аумағындағы 2 060 913,14 гектар жердің 666 502 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мақсатына беріліп, игерілмей жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару туралы тапсырмасына сәйкес, өткен жылы аудан бойынша игерілмей жатқан 18 712,50 гектар жерді құрайтын 14 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, жер учаскесін нысаналы мақсат бойынша пайдаланбаған төрт жер пайдаланушыға (жалпы көлемі 7000 гектар) бір жылға нұсқама берілді. Егер, олар жерлерін мақсатқа сай пайдаланбаған жағдайда нұсқаманың уақыты өткеннен кейін Жер кодексіне сәйкес мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтару жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, өткен жылы өз еркімен мемлекетке қайтарылған 11 мың гектар жер айналымға шығарылып, алты жер пайдаланушыға конкурс арқылы берілсе, биыл 15 жер учаскесі (5000,79 гектар) өз еркімен мемлекетке қайтарылды. Жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасы заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жасалған жоспарға сәйкес аудан бойынша 32 мың гектар жер қайтарылуы тиіс. Алайда, қазіргі таңда оның 16 пайызы ғана орындалды.  

– Осы орайда, тиісті уәкілетті органдар ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жер учаскелерінің тиімді пайдалануын қамтамасыз етіп, игерілуін қадағалауды күшейту керек. Сондай-ақ, игерілмей отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстарын жандандыру қажет, - деді облыстық жер ресурстары департаменінің басшысы Гүлзия Құрманова.

Аудан бойынша игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қайтару бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралиннің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 14 200 гектар жерді игермей отырған 14 жер пайдаланушыларға заң шеңберінде шара қолдану жөнінде жер ресурстарын басқару департаментіне берілген ұсыныс қазіргі таңда қаралу үстінде. Ауыл шаруашылығы министрінің ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру туралы бұйрығына сай, аудан әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылды. Мониторинг қорытындысымен игерілмей әрі конкурстық ұсыныста ұсынған инвестициялық болжамдарын орындамай отырған 26 200 гектар жер (24 учаске) және 2020-2021 жылдары алған жерлеріне осы кезге дейін құжат жасалмаған 2500 гектар (3 учаске) жер учаскелері анықталып отыр. Қазіргі уақытта құжаттары жасақталмаған жер пайдаланушыларының қаулысы жойылып, кері қайтарылса, игерілмей отырған 26 200 гектар жердің иелерін тиісті құзырлы органдарға беру үшін құжаттары дайындалуда. 

– Жалпы, игерілмеген жерлерді қайтаруда кедергі келтіретін біраз мәселе бар. Яғни, аудан аумағынан жер алғанымен малы басқа ауданда есепте тұрғандарға немесе жерінің тек қана 20 пайызын игеріп отырғандарға заң аясында шара қолдана алмаймыз. Өйткені, Жер кодексінің 92 бабы бойынша жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының 20 пайызынан артық болуы, игерілген жер болып саналады. Сондықтан, 20 пайызды 50 пайызға дейін көтеруге деген ұсынысым бар, - деді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралин.

Мәжіліс отырысында округ әкімдері Гүлшара Ізімова, Оспан Аронов, аудандық мәслихат депутаты Есенбай Нұровтың жер мәселесі бағытында қойған сұрақтарына комиссия мүшелері заң аясында жауап берді.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT