Өткен аптаның сенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде аудандағы «Халықтық» және «Үлгілі» өнер ұжымдарының есепті концерті өтті.
Бұған дейін иеленген дәрежелерін сақтап, иеленетін байқауда өнер ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Үш жылда бір рет ұйымдастырылатын есепті концертке облыстық шығармашылық орталығы жанынан құрылған қазылар алқасы қатысып, өз бағасын берді.
Айта кетсек, ауданда тоғыз «Халықтық», екі «Үлгілі» өнер ұжымдары бар. Олардың қатарындағы төрт «Халық театры» ұжымы бұған дейін Атырау қаласында ұйымдастырылған байқауда өз өнерлерін көрсетіп, атақтарын қорғаған болатын. Сондықтан, есепті концертке «Халықтық» атақтары бар екі жанұялық, бір әжелер, бір фольклорлық, бір ұлт-аспаптар ансамбльдері және «Үлгілі» екі би ұжымы қатысты. Концерт халықтық «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің орындауындағы жергілікті сазгер Бауыржан Ақтаевтың «Туған өлкем – Қызылқоға» және «Түрік әуені» шығармаларымен басталып, аталмыш ансамбльдің сүйемелдеуімен әнші Ләззат Тастаева орындаған халық «Әсем әні сырнайдай» әнімен жалғасты. Сонымен қатар, концертте «Жангелдин» мәдениет үйі жанынан құрылған халықтық «Асыл әжелер» ансамблі «Туған ел», «Туған жер Тайсойған», «Балапан қаз», «Қаракөз», «Жұмалиевтер» отбасылық ансамблінің мүшесі Айбол Жұмалиев «Вальс», «Қарабалиндер» отбасылық ансамблінің мүшесі Бекет Махмут «Тамды аруы» әндерін орындап, үлгілі «Жұлдыз-ай» би тобы «Қамажай», «Рухты ару», «Хорошое настроение», «Флеш-моб» билерін, «Айданай» би ұжымы «Шаттық», «Қуыршақ» және үнді билерін ұсынды. Сондай-ақ, көрермендер халықтық «Қарабалиндер» отбасылық ансамблінің орындауындағы «Жұмыр қылыш», «Борино Оро» және «Еспай» ұлт-аспаптар оркестрі ұсынған «Би», «Адай», «Балбырауын» күйлерін тамашалады. Шараны қорытындылаған облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы шығармашылық бөлімінің басшысы Дидар Арыстанғалиева кейбір өнер ұжымдарына әлі де дайындықтың қажеттігін ескертіп, барлық ұжымның да өз атақтарына лайық екендіктерін атап өтті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.