Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Нұрсұлтан Бисембиев қызылқоғалықтарға алғыс айтты

Бұл туралы Нұрсұлтан Бисембиев әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Бүгіннен бастап Қызылқоға ауданының әкімі қызметінен өз еркіммен босадым. 2 жыл 9 айға жуық уақыт аралығында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, құтты өлкеде еңбек еткеніме, ауданымыздың түйткілді мәселелерін шешу бағытында жұмыстанғаным үшін қуаныштымын!

Өздеріңізге белгілі, 2019 жылдың 19 қарашасынан бастап Қызылқоға ауданының әкімі лауазымына тағайындалған болатынмын. Ауданымызға қызметке келген уақытта мен Сіздерге өз қызметімді жауапкершілік пен адал, тиімді әрі нәтижелі жүзеге асыруға уәде еткен едім. Әруақыт аудандық әкімдікпен атқарылып жатырған жұмыстарды көп талқысына салып, жергілікті атқарушы орган қызметінің ашықтығын көрсетуге, тұрғындар мен қоғам белсенділері тарапынан берілген ұсыныстарды ескере отырып, қызмет етуге жұмыстандым.

Аудан бойынша 2020-2022 жылдары құрылыс саласында бірнеше жобалар іске асты. 2020-2022 жылдары аудан көлемінде 75 жоба дайындалды (облыстық деңгейдегі жобаларды қоспағанда). Оның ішінде 36 жоба жүзеге асырылу үстінде. Қосымша тағы 16 жоба дайындалуда. Күні бүгінге дейін 13 құрылыс нысаны іске қосылды. Алдағы уақытта осы жобалар жүзеге асырылып, халық игілігіне қызмет ететініне сенімдімін.

Өмірімнің ең қызықты, ұмытылмастай сәттері, қызметімнің жауапкершілікке толы кезеңі Қызылқоға өңірінде өткені үшін де бақыттымын. Қызылқоға халқына қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды.

Миялыға 2019 жылы төртеу болып келіп, бесеу болып қалаға көш түзеп барамыз. Отбасымызда аудан орталығы Миялыда дүниеге келген Аянат қыздарыңыз өсіп келеді. Сондықтан да, қай жақта жүрсек те, көңіліміз Қызылқоға десе елеңдеп, бүйрегіміз осы жаққа бұрып тұратын болады.

Осы уақыт аралығында бірге жұмыс атқарған әріптестеріме, аудан тұрғындарына үлкен алғысымды айтқым келеді. Сонымен қатар, ауылымыздың белсенді азаматтары мен азаматшаларына, қоғамдық пікір көшбасшыларына да шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің пікірлеріңіз бен орынды, әрі дәйекті сындарыңыз кейбір сәттерде қарбалас жұмыстың көлеңкесінде қалып қоятын мәселелерге дер уақытында назар аударуға ықпал етті.

Менің Қызылқоға ауданындағы қызметім аяқталғанымен, ауданмен байланысым үзілмек емес.

Көңілде ерекше бір қимастық сезім, жүректе толқу бар... Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, ауданымыздың одан әрі гүлденіп, көркеюін тілеймін. Жақсы күндерде жолыққанша, қадірлі ауылдастар!», - деп жазды.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521