Таяуда Атырау қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиада өтті. Жыл сайын өтетін дәстүрлі спартакиаданың бұл жолғы ерекшелігі бұрын тек 8 команда қатысса, биыл 16 команда бақ сынап, спорттың 8 түрінен сынға түсті
Жарыстың алғашқы күні алаңға шыққан аудан волейболшылары Құрманғазы, Махамбет, Индер аудандарының командасын ұтқанымен, жартылай финалда облыстық қазынашылық басқармасына есе жіберіп алды. Ал, үшінші орын үшін болған тартыста Жылыой ауданы командасынан басым түсіп, қола жүлдегер атанды. Ал, келесі күні тоғызқұмалақтан бақ сынаған Асқар Ақтаев пен Ақнұр Аязбайқызы қарсыластарынан басым түсіп, командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Ал, қазақ күресінен сынға түскен Дулат Мырзагереев, Сүндет Бағытжанов, Қуанышбек Қазбековтер екінші орынға ие болды.
Үш күнге созылған спартакиада қорытындысымен ауданның мемлекеттік қызметшілері 16 команда ішінен төртінші орынға ие болды. Сондай-ақ, Жарас Есенғалиев пен Ақнұр Аязбайқызы волейболдан, Асқар Ақтаев тоғызқұмалақтан облыс құрамасына алынып, республикалық спартакиадаға жолдама алды.
Дулат БЕРІК