Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында 2018 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді.
Содан бері жыл сайын елімізде шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Өйткені қазақ пен домбыра егіз ұғым.
Домбыра – қазақтың киесі, қа¬сиеті, қазынасы. Мереке аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруы ғажап емес. Дүйсенбі күні Ұлттық домбыра күні мерекесіне арналған «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Еспай» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі концерті өтті. Жүргізушінің мерекелік құттықтауынан соң шара шымылдығы «Еспай» халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Түркештің «Көңіл ашар» шығармасымен ашылды. Одан әрі жезтаңдай әнші Ләззат Тастаева аталмыш оркестрдің сүйемелдеуімен Орал-Қосай Байсеңгірдің «Біздің ауыл тамаша», Несіпбек Айтұлының «Мерует моншақ» әнін тамылжыта шырқап, ән сүйер қауымның қошаметіне бөленді. Одан әрі «Еспай» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Абай, Н.Тілендиев Сүгір, С.Құсайынов, Қ.Жұмағалин, Құрманғазының «Торы жорға», «Ата толғауы», «Ыңғайтөк», «Мереке», «Сал, домбыра», «Балбырауын» және «Қызыл қайың серпер» шығармаларын төкпектете орындап, концертті тамашалауға келген жұртшылықтың қанын қыздырды. Шығармалар арасында оркестр белгілі күйлер топтамасынан күй тартыс орындап, концерттік бағдарлама Құрманғазының «Адай» күйімен аяқталды.
Осылайша «Еспай» халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің Ұлттық домбыра күніне арналған концерті халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ