Жылыойлықтар тасқын сумен күреске бел шешпей 2 апта дайындалып, 3 күн бойы қарғын сумен күресті. Бірақ тілсіз жау қаланы басып кетті. Зардап шеккен бауырларымызға барлық көмек көрсетілуде, шығын көлемі де өтеледі.
Дегенмен Атырау қаласы да бұл тағдырды қайталауы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
-Су басу қаупі Орынбор, Орал қалаларынан кем болмайды деген болжам бар. Әлбетте әкімдік дайындалуда, 5 күннен бері өңірдің ең үлкен 20 құрылыс компаниясы және 6 ірі мұнай компаниялары жағаларды бекітуге, қорғау дамбаларын салуға жұмылдырылды. Қажетті материалдардың (қапшық, күрес және тб) резерві дайындалып, инертті заттар жинақталды. Орынбор облысындағы Иректі су қоймасынан Жайыққа жіберілген су Қазақстан аумағында Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға облыстың Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді, – дейді Ж.Бисембиев.