Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, қыстың аязы, күздің жаңбыры, жаздың аптап ыстығында қолдарына сыпыртқы мен күрек ұстап көше тазалығында жүретін ақылы қоғамдық қызметкерлердің еңбегі ерен. Олар қандай құрметке де лайық.
Бірақ, көп елене бермейтіні де сөзсіз. Осы орайда, Сағыз ауылының азаматтары жақсы бір істі қолға алды. Яғни, олар биыл үшінші жыл қатарынан қарапайым қызметімен қадірлі болып келе жатқан ақылы қоғамдық қызметкерлерге құрмет көрсетіп, «Әділ» мейрамханасында дастархан жайды. Бір топ адамға адал еңбектері үшін мадақтама табыс етіп, көңілдерін бір серпілтіп тастады. Бұл шараға Сағыз ауылдық округі әкімі аппараты қолдау білдірсе, «Ақ жол» ҚДП-сы Атырау облыстық филиалы атынан ақжолдық, облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов шараға қатысушылардың қалтқысыз қызметіне ризашылығын білдіріп, баршасына мерекелік көңіл-күй тіледі.
Сондай-ақ, осы қызметті ұйымдастырушы Сәулеш Малқарова мен жеке кәсіпкер Рахметолла Әлшенов, Азат Нәбиевтерге «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашевтің атынан келген «Еңбегім еліме» медалін табыстады.
– Қашанда қарапайым қызметтің маңызы зор. Олардың еңбегі ерен. Сондықтан, бір күнді «Қоғамдық қызметкерлер күні» деп белгілесе артық болмайды, - дейді қоғам белсендісі Ахат Өскенбай.
Ендеше, қарапайым қызметімен құрметке бөленіп жүрген жұмысшылардың мерейі үстем бола берсе игі дейсің.
Кәмшат ӘБІШ