Ғасырдан астам тарихы бар «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында дәстүрге енген игі шаралар жеткілікті.
Соның бірі Ембі өңірінің қалыптасып, дамуында зор үлесі бар ардагерлерді құрметтеп, үздік мамандарды ұлығылау. Осындай шара Қазақстан Республикасы Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында өтті. Осы басқарманың алғаш игерілген С.Балғымбаев кен алаңының 50 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ұйымдастырылды. Оған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев пен «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы, ардагер-мұнайшылар, ембілік мұнайшылар қатысты.
Тарихтан тағылым «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының алғашқы кен алаңы – Мартыши (қазіргі атауы С.Балғымбаев) кен алаңы өндірістік пайдалануға тапсырылып, «қара алтын» қазынасы игеріле бастады. Ол алғашында 10 мм штуцермен тәулігіне 117 м3 таза мұнай беріп тұрды. Екі-үш жыл уақыт ішінде бірінен соң бірі Қамысты, Жаңаталап, Гран кен алаңдары ашылды да 1973 жылдың 11 сәуірінде жаңадан дербес кәсіпорын – «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы өз алдына шаңырақ көтерді. Басқарма құрылғаннан кейін бұл аймақта мұнай өндірісі қызу қарқынмен дами бастады. Кең көлемде жүргізілген іздестіру-барлау жұмыстарының нәтижесінде әр жылдары Шығыс Жаңаталап, Ровное, Оңтүстік Шығыс Қамысты, Забурын, Оңтүстік Шығыс Новобогат кен алаңдарының мұнай қоры анықталып, өндірістік пайдалануға тапсырылды.
Осыған орай, Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Салтанат Балғымбаев кен орнының ашылуына 50 жыл толуына арналған мерекелік шарасы болып өтті. Оған жан-жақтан арнайы аталмыш кен орнының дамуына үлес қосқан ардагер мұнайшылар, «Ембімұнайгаз» АҚ қарасты басқармалардың басшылары мен қызметкерлері, республикаға белгілі өнер жұлдыздары мен айтыскер ақындар қатысып, дүбірлі тойдың көркін қыздыра түсті.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демей ме халқымыз?! Дүбірлі думанның қуанышын бөлісуге келген меймандарды Исатай ауданының әкімі мен «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Мәлік Жүнісов бастаған топ аудан шетінен салтанатты түрде күтіп алып, қазақы дәстүрмен ұлттық киім киген қыздар ақ ұсынды. Осылайша, шат-шадман құрметке ие болған меймандар жаңа асхананың тұсауын кесу салтанатты шарасына қатысты. Несін жасырайық, бұдан бұрын салынған С.Балғымбаев кен орнының асханасындағы түскі мезгілде жүз адам тамақтанып, қалғаны кезек күтуге тура келетін. Міне, сол олқылықтың орнын толтыруды ойлаған «Ембімұнайгаз» АҚ басшылары 150 орындық асхана салуды қолға алып, барлық цех жұмысшыларының бір мезетте тамақтануына мүмкіндік жасап отыр. Салтанатты шарада «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков, аудан әкімі М.Мұрзиев, №1 мұнай және газ өндіру цехының мұнай және газ өндіру операторы Бисембай Дәуітовтер құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді.
– Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ өте көне кен орындарын игеріп жатыр. Соған қарамастан әлеуметтік жағдайды жақсартып, жұмысшыларға көп көңіл бөлуде. Компанияның басты құндылығы – Сіздер, мұнайшылар! Әлеуметтік нысандарды жақсарту жұмыстары жалғасады. Мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ–ның Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхананың, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Қисымбай кенішінде 50 орындық асхананы іске қостық. Бүгін С.Балғымбаев кен алаңындағы 150 орындық асхана сіздерге есігін айқара ашып отыр. Уақыт бір орында тұрмайды. Болашақта осындай жұмыстарымызды жалғастыра береміз, – деді өз сөзінде Құрманғазы Орынғазыұлы.
Қ.Есқазиев өзінің құттықтау сөзінде атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Соңғы жылдарда «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бойынша 60 шақырымдық өндіріс ішілік жолдың құрылысы аяқталып, іске қосылғанын, сонымен қатар Қаратон құрылымында барлау жұмыстарын бастау жөніндегі жұмыс жоспары қолға алынатынын, бұл орайда ұңғымалардың тереңдігі 6000 метр болатындығын да атап өтті. С.Нұржанов, Досмұхамбетов, Ақтөбе, Новобогат кеніштерінде ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары қолға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ 5 мыңнан астам мұнайшы еңбек етеді. Биылғы жылы 2 миллион 895 мың тонна өнім игеру жоспарлануда.
Мерекелік шарада «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев пен ардагер мұнайшы Қазира Сүйінғариева жаңа асхананың лентасын қиып, меймандар асхананың ішімен танысты. Заман талабына сай салынған асхана да мұнайшылар бір мезетте тамақтану үшін барлық жағдай жасалған. Бұдан кейін шара орталық алаңда жалғасын тауып, одан әрі мерейді өсіретін марапатқа, көңілді серпілтетін мерекелік концертке ұласты. Онда аудан әкімі М.Мурзиев, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков кәсіби мереке иелерін құттықтап, ардагер мұнайшылар мен қызметкерлерге (барлығы 41 адам) әр деңгейдегі марапаттарды табыс етті.
–Үстіміздегі жылдың 23 тамыз күні Атырау облысындағы жұмыс сапарында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас кеңсесіне келді. Бұл – ембілік мұнайшылар үшін үлкен мәртебе. Осыдан тура 23 жыл бұрын Елбасы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ашылу салтанатына қатысқан болатын. Міне, енді мемлекет басшысы екінші рет қазақ мұнайының «қара шаңырағына» аяқ басып отыр. Елбасы өндіріс үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен, соның ішінде «Интеллектуалды кен орын» жобасының жұмысымен танысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің Компания мемлекет басшысының тапсырмасына сай өндірісті жаңа технологиялар қамтып, тың жобаларды батыл енгізіп келеді. 2016 жылы өндіріс шығындарын оңтайландыру мен еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қолға алынған бұл пилоттық жоба- Уаз кен алаңында іске қосылып, бүгінде тиімділігін дәлелдеп те үлгерген тың бағдарлама. 2017 жылы жоба жұмысы Прорва кен алаңдары тобына таратылды. 2024 жылдың соңына дейін 12 кен алаңы цифрлық өндіріске көшіріледі. Ембі өндірісін өзгерістермен, жаңа технологиялармен үздіксіз қамту ең алдымен ұжымдағы бірліктің, ауызбіршіліктің жемісі деп түсіну керек. Бұл-ембілік мұнайшылардың берекелі тірліктерінің арқасы деп есептеймін, сол үшін де сіздерге үлкен алғыс айтамын - деді өзінің құттықтау сөзінде «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы.
Айтулы мерекелік бағдарламаның аясында «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бас кеңсесінің күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты да өз деңгейінде өтті. Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен республикалық ақындар айтысы да көптің көңілінен шықты. Онда елге танымал Айнұр Тұрсынбаева, Балғымбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов пен өз жерлестеріміз Саадат Нұрманов, Шалқарбай Ізбасаров сынды ақындар сынға түсті. Айтыстан соң орталық стадионда Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбділдина және облыс әншілерінің қатысуымен гала концерт өтіп, думан мерекелік от-шашуға ұласты. Сөйтіп, Исатай ауданындағы мұнайшылар мерекесі тәмамдалып, халықтың көңілін бір серпілтіп тастады.
Бауыржан СИСЕНОВ.