Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕЛ ДӘСТҮРІН ҰЛЫҚТАҒАН КЕҢСЕ

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі күні ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз бен тарихымызды дәріптеу мақсатында құрылған «Елсана» руханият-патриоттық клубы аудандағы кеңсесінің алғашқы шарасы өтті. Оның ашылу салтанатына «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығының президенті Нұрберген Дәулетов, аталмыш қауымдастық аясында ашылған түрлі алаңның жетекшілері Сәкен Өскенбаев, Ертай Тұрсын,  Айша Айдарова, Ақбидай Дәуітовалар қатысты.

Шарада құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Халқымызда «Өнерін сыйлаған өрге шығады, дәстүрін сыйлаған төрге шығады» деген қанатты сөз бар.  Осы орайда «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы Атырау облысы бойынша ұлтымыздың дәстүрін насихаттап, болашаққа қаз қалпында жеткізуде маңызды жұмыстар атқарып жүр. Қауымдастық құрылғаннан бері көптеген жобаны іске асырды. Қазақы дәстүрін сақтап қалған біздің ауданнан қауымдастықтың филиалы ашылуы жақсылықтың нышаны. Осы филиал арқылы аудандағы қазыналы қарттар білетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды басқа аудандарға, жалпы республика деңгейінде тарататын болсақ нұр үстіне нұр  болар еді. Ендеше, тәрбиелік маңызы бар жақсы бастамалар, үлкен жобалар осы кеңседен бастау алсын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді.

Бұдан кейін аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен ауданның Құрметті азаматы Өтеуғали Дүйсәлі қауымдастық кеңсесінің лентасын қиып, әжелер шашу шашты.

Игі шарада «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығының президенті Нұрберген Дәулетов «Қауымдастық филиалы облыс бойынша қаймағы бұзылмаған киелі ауданда бірінші рет ашылып отыр. Тұрғындарға халқымыздың үлкен құндылықтарын жеткізетін, қазақтың рухын, салт-дәстүрін насихаттайтын ортаға айналсын» деген тілегін білдіріп, клуб аясында ашылған алаң жетекшілері таныстырылды. Яғни, «Елсана» руханият-патриоттық алаңының жетекшісі Гүлшара Сары, «Бабалар алқасы» ақылдастар алқасының жетекшісі Өтеуғали Дұйсәлі, «Аманат» әкелер алаңының жетекшісі Есенбай Нұров, «Инабат» аналар алаңының жетекшісі Бағыт Нығмет, «Алаш жастары» алаңының жетекшісі Қуандық Көптілеу, «Саналы ұрпақ» алаңының жетекшісі Мәлік Жұмалиев, «Ақсәуле» қолөнер шеберлері алаңының жетекшісі Жанар Әбуова, «Дәстүр» салт-дәстүрлер алаңының жетекшісі Анар Арыстанғалиева, «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңының жетекшісі Қайырбек Баймұратов тағайындалды.

Сондай-ақ, шара барысында «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы аудандық филиалының төрағасы Қайырбек Баймұратов қауымдастық атынан Мәлік Сүлейменовті «Алтын адам-2024», Беркін Сағижановтың отбасын «Мерейлі шаңырақ-2024», Сайлау Қарабасовты «Еңбек адамы-2024», Думан Балимов отбасын «Ұрпағым мақтанышым-2024» номинациясымен марапаттады. Салтанатты шараға қатысушы қонақтарға киіз үйде қонақасы беріліп, «Елсананың» әнұраны орындалды.

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT