Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына негізінен лауазымды тұлғалардың жасаған қылмыстары жатады.
Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету барлығы да сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Осы орайда, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарына бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер етеді.
Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспей, жеке басының қамын ойлауы парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Соған сай, мемлекеттік ұйымдардың, жеке кәсіпкерлер мен азаматтардың заңсыз әрекеттерімен айналасындағы салауатты, таза ортаны шарпып, кейінгі өскелең ұрпақтың тыныс-тіршілігін тарылтатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әр адамның азаматтық борышы деп білу керек.
Рақымжан БАУЫРЖАНҰЛЫ