Өткен аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Азамат Айманамкумов қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге арналған семиинар болып өтті.
Семинарға мемлекеттік қызметшіге жататын бөлім, мекеме басшылары, бас мамандар және округ әкімдері қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Асылбек Жанқуатов аудандағы мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мәдениетін қалыптастыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша Қызылқоға ауданы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілінің қатысуымен 11 семинар өтіп, аудандық газет пен сайтқа екі мақала жарияланды. Аудандағы мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасына сай киінуінен бастап, қоғамдық орында өзін ұстауы, халықпен байланыс, жұмыс уақытын тиімді пайдалануы бағытында тұрақты түрде кеңестер берілді. Содан кейін сөз алған облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Азамат Айманамкумов:
– Біз бәріміз мемлекеттік қызметші болғандықтан этикаға сай жұмыс жасауымыз керек. Сол мақсатта барлық ауданда әдеп жөніндегі уәкілдер жұмыс жасап жатыр. Жалпы мемлекеттік қызметшінің әдебіне қызметтiк мiндеттерiн атқаруда қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтау, міндеттерін адал атқару, қызметтік автокөліктерді мақсатты пайдалану, әлеуметтік желілерде жағымсыз материалдар, фотосуреттер мен жазбалар жарияламау сынды бірнеше іс-әрекеттер жатады. Осы және басқа да тәртіптерді бұзған мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеті әдеп жөніндегі кеңесте қаралады, – деді. Сондай-ақ, семинар барысында қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Дулат МӘТЖАН.