Газетіміздің өткен санында хабарланғанындай, «Денсаулық» пойызы дүйсенбі күні Жамансор стансасына келіп тоқтады.
Аталмыш станса басынан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев пен Мұқыр ауылдық округінің әкімі Аман Жанұзақов бастаған делегация күтіп алып, халыққа қызмет көрсетуге келген денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан соң сөз алған «Денсаулық» пойызының жетекшісі Әлия Абдышева:
– Салтанатты түрде күтіп алып жатқан аудан әкімшілігіне алғысымыз зор. Атырау облысы бойынша 26 қыркүйек күні өз жұмысын бастады. Бұдан бұрын Мақат стансасында болдық. Бүгін күні бойы осында халыққа қызмет көрсетіп, 9-10 қазан күндері Мұқыр стансасында, 11-13 қазан күндері Сағыз стансасында жұмыс жасайтын боламыз. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған пойыз 9 вагоннан, оның ішінде 4 медициналық вагоннан құралған. Пойызда терапевт, неврапотолог, окулист, гинеколог, хирург, уролог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, рентгенолог, кардиолог, стоматолог дәрігерлерімен қатар бір статист, екі оператор, медбикелерін қосқанда барлығы 24 адам медициналық қызмет көрсетеді. Жылына бір рет шығатын пойыз осымен сегізінші жыл қатарынан халыққа қызмет көрсетіп келеді. ҚР Төтенше жағдайлар комитеті және «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамының қолдауымен Серік Досжанов бас дәрігерлік қызмет атқаратын «Атыраутеміржол ауруханасы» ЖШС биылғы жылы жоба аясын кеңейтіп, Маңғыстау облысы стансалары тұрғындарына да медициналық қызмет көрсетті. Өзім соңғы үш жылдан бері осы пойызда қызмет етіп келе жатырмын. Халықтың денсаулығын түзетуге немқұрайлы қарамайтынына көзім жетіп отыр. Дәрігерлеріміз Алматы, Ақтөбе облыстарымен қатар, Атырау қаласының басқа да медициналық клиникаларында жұмыс жасайтын мамандар. Сапарымыз сәтті аяқталады деген ойдамын, - деді.
Сөйтіп, «Денсаулық» пойызының жұмысы басталып, халық өз денсаулығын тексертуге кірісіп кетті. Медициналық қызметкерлерінің біліктілігі мен қызмет көрсету сапасына ауыл тұрғындары ризашылығын білдіруде.
Бауыржан АМАНҰЛЫ