«Арман» мәдениет үйінде аудан бойынша, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында, халықты еңбекпен қамтуға жәрдемдесу бағытында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді.
Аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық жұмыспен қамту орталығы және «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткен жәрмеңкеге «Ақ жол құрылыс» ЖШС, «Шанхай Констракшн Груп» ЛТД-ның Қазақстандағы филиалы, «ЮСС Супорт» ЖШС, аудандық орталық аурухана, аудандық білім бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық полиция бөлімі мекемелерінен өкілдер қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңкені аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрлан Бекешов ашып, бағдарлама барысын түсіндіріп, жәрмеңкеге қатысушыларға сәттілік тіледі. Жәрмеңкеге барлығы 37 жұмыссыз қатысып, нәтижесінде 15 жұмыссыз азаматтың түйіндемелері мамандықтарына сәйкес, вахталық әдістегі мекемелерге жолданса, 5 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Осы орайда, айта кетейік бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әр тоқсан сайын тұрақты түрде өтіп тұрады.
Дулат БЕРІК