Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Бауыр болсаң, қазақтай бол» дейді башқұрт ұлтының өкілі Фуат Аминев

1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күні қазақ елінде мекен ететін өзге ұлт өкілдері орталық алаңға жиналып, туған жеріндей, туған еліндей болған қазақ ұлтына өз ризашылықтарын білдіріп жатады.

Себебі, қазақ елі ешқашан ешбір ұлтты өзекке теуіп жатсынған емес. Соның айқын дәлелі, кезінде 1950 жылы Башқұртстанның Уфа қаласында дүниеге келген Аминев Фуат Шайсалымұлы бүгінде Мұқыр ауылы, Сарқұмақ елді мекенінде тұрады. Қазақстанды қонақжайлы, көпшіл деп айтуының негізін Фуат Аминевтің басынан өткен өмірінен аңғаруға болады. Ол Уфа қаласында апасы Сәния, інісі Марс үшеуі бірге тұрды.

Алайда, өз анасы ертерек дүние салып, өгей шешенің қолында тұруға мәжбүр болады. Сол кездері апасы Сәния Орскіге тұрмысқа шығып кетеді. Ал, інісі басқа қалаға оқуға кеткен соң, әрі әкеден де айырылып, өгей шешенің қыспағына шыдамай, қолындағы бар құжаттарын жоғалтып алған Фуат Шайсалымұлы ақыр аяғында Қазақстанды сағалап, 1975 жылдан бастап біреулердің ықпалымен Мұқыр ауылының Сарқұмақ елді мекенінде жалданып мал бағып, күнін көре бастайды. Өзінің бауырмалдығы мен еңбекқорлығының арқасында сол ауылдың ерлі-зайыпты тұрғындары Дәулет Әбішев пен Монтан Амандосова жылышырай танытып, өздерінің 6 баласына қосып, жетіншісі есебінде оны асырап алады.

Жетім көрсе жебей жүретін қазақы отбасы Фуат Шайсалымұлын 1978 жылы Сағыз ауылындағы Төсши елді мекендегі Кәмиля Сұлтанова деген қазақ қызына құда түсті. Тойдан кейін 5 ай ата-ененің қолында тұрған жас отбасыға Фуат Шайсалымұлының жұмыс орнынан үй беріліп, сонда орналасады. Фуаттың өзі башқұрт болса да, анасы татар ұлтынан екен. Ал, әйелі Кәмиляның әкесі қазақ та, анасы башқұрт өкілінің тумасы болып табылады. Сонау, ашаршылық кезінде Кәмиляның әкесі Бораш Башқұртстанға көшіп кетеді де, сол жақта жүріп башқұрт қызына үйленеді. Кейін 4 балалы болғаннан кейін, өз туған жері Қазақстанға қайта келеді.

Әрине, ағайындарынан жырақта жүрген Фуат Аминев оларды іздегісі келгенімен сәті түсе бермейді. Алайда отбасылы, балалы болған соң, Орскідегі апасы Сәнияны іздеуге шығады. Жанына әйелі Кәмиля мен қызы Жемісті бірге апарып таныстырып, апасымен қимай қоштасса, артынан ерген інісі Марстың да жол апатынан қазаға ұшырағанын естиді. Бұл сапарында апасы Сәния інісіне өзінің қасына келгенін жеткізеді. Алайда, Фуат Шайсалымұлы панасызға пана болған, тәрбиемен қатар, өз жолымды таңдауға көмектескен Қазақстанды қимайтынын айтады. Иә, шын мәнінде ол башқұрт болғанымен қазақ ұлтына сіңісіп кеткен азамат.

Себебі, қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысып отырғанының өзі дәлел бола алады. Сондай-ақ, Фуат апасы Сәниямен бұрындары хат арқылы байланысып келсе, бүгінде 5 балалы болған әпкесімен телефон арқылы амандығын біліп отырады. Бүгінде зейнеткерлік жастағы Фуат жолдасы Кәмиля екеуі немерелерін бағып, бейнеттің зейнетін көріп отырған жандар. Олар әлі де еңбектен еш қол үзген емес. Себебі жазды күндері жеке шаруашылықтың малдарына шөп шауып, қолындағы азын-аулақ малын бағуда. Отбасында үлкен қызы Жеміс Индер ауданына тұрмысқа шығып, 2 баланың анасы атанса, екінші ұлына жол апатынан қаза болған інісінің есімін қояды. Қазіргі таңда, Марс пен қолдағы кенже ұлдары Марат та отбасылы болып, барлығы да қазақ ұлтының қызымен бас қосқан жандар.

– Бүгінде өз тілімнен гөрі, қазақшаға судаймын. Себебі, осы жерде көп жыл еңбек етіп, нанын жеп келемін ғой. Айтайын дегенім – қазақ ұлты өзінің қонақжайлылығымен, адамгершілігінің молдығымен, бауырмалдығымен ұнайды. Олар ешқашан ұлтты бөліп көрген емес. Керісінше бәрін өз бауырына тартады. Сол үшін де мен өз ұрпағымды қазақы тәрбиемен тәрбиелеп, қазақ мектебінде оқытып жатырмын, – дейді Фуат Аминев.

25 жасында Қазақстанды паналап келген жігіттің бір әулеттің ақсақалы болып отыруына, қазақ ұлтының кең пейілділігі мен қамқорлығы жеткізді десек артық болмас.

Лаура НАРИМАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT