Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бүгін – Чернобыльдегі апат құрбандарын еске алу күні

Бүгін, яғни, 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясындағы 1986 жылғы апат құрбандарын еске алудың халықаралық күні.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдегендей, биыл Қазақстанда Чернобыль ардагерлері жалпы сомасы 540,7 миллион теңгеге біржолғы төлем алады. Осы орайда, біз атыраулық ардагерлер жайын білмек болып, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарластық.

- Атырауда 194 Чернобыль ардагеріне 100 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілуде. Ал, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне келсек, олардың қатары күннен күнге сиреп, ақыры Атырау облысы бойынша небәрі үш ардагер ғана қалды. Сол секілді, тұтқында болғандардан қазір көзі тірі тек біреуі ғана бар. Оларға алдағы мамыр айында бір миллион теңгеден төленеді. Сонымен бірге, Ауған соғысының ардагерлері де назардан тыс қалмайды. Оларға да бір реттік 100 мың теңге төлеу қарастырылған, – дейді жоғарыда аталған басқарманың бөлім басшысы Құралай Тілеумағамбетова.

Қосымша айта кетейік…

Чернобыльдегі апат салдарын жоюға қатысқан 32 мыңға жуық қазақстандық ардагер ретінде танылды және әртүрлі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлерге өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан төленеді. Жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін АМЖ мөлшері 6,19 айлық есептік көрсеткіш болады (2021 жылы – 18 056 теңге), жеңілдіктер бойынша, ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін – 7,55 АЕК (2021 жылы – 22 024 теңге). «Ардагерлер туралы» заңын қабылдау барысында 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысқандар үшін әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілгенін атап өткен жөн. Ардагерлердің осы санаты үшін АМЖ мөлшері 2,13 АЕК-тен 4,8 АЕК-ке дейін (2021 жылы- 14 002 теңге) арттырылды. Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарынан мүгедек болып қалған адамдарға АМЖ-мен қатар, күнкөріс деңгейі мен мүгедектік тобына, себебіне қарай мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты өсетін ең төменгі күнкөріс деңгейі аясында көтеріліп отырады.

Ардагерлерге стационарлық медициналық көмек ҰОС мүгедектері мен ардагерлеріне арналған 2 мамандандырылған республикалық госпиталь қабырғасында (Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында) көрсетіледі. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар Чернобыль апатының құрбандарын еске алу күніне (26 сәуір) немесе басқа күндерге (9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне) орай әлеуметтік көмек көрсетеді. 2021 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 055 Чернобыль ардагеріне 5 АЕК-тен (14 585 теңге) 70 АЕК-ке дейін (204 190 теңге) 540,7 миллион теңге сомасында әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Әлеуметтік көмектің мөлшері қазына мүмкіндігіне қарай жергілікті өкілетті органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша әрбір өңірде жеке белгіленеді. Мәселен, мына өңірлерде Чернобыль ардагерлері біржолғы көмек алады: – 2021 жылдың 26 сәуіріне қарай – Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар (ішінара), Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында; – 2021 жылғы 9 мамырға – Ақтөбе, Маңғыстау және Павлодар облыстарында және Алматы қаласында. Қостанай облысында Чернобыль ардагерлеріне (74 адам) ай сайын 3 АЕК (2021 жылы – 8751теңге) мөлшерінде көмек көрсетіледі.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT