Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Кеше облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында барша атыраулықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Мерекенің мәні айрықша айшықталған жиын онлайн форматта ұйымдастырылды. Алдымен облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы азат елдің айбыны қорғаныс күштерінің маңыздылығы туралы атап айтты.

– «Ер ел үшін туады» дейді дана халқымыз. Бұл – елім деген ерлердің ескірмейтін қағидасы, мәңгілік мәнін жоймайтын ұстанымы. Биік рухты азаматтар ардақталатын ел үшін Отан қорғаушылар мейрамы – елеулі күн, қастерлі мереке. Бұл күні елдің қорғаныс қабілетінің кемелденгені айшықталады. Қасиетті тәуелсіздікті, ата-бабадан қалған ұлан-байтақ жерді, халықтың тыныштығы мен ырыс-берекетін сақтауда Отан қорғаушылардың орны ерекше. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әскері толағай табыстарға жетіп, заманға сай, үнемі жаңғыртылып отырды. Атырауда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бас штабы орналасқан. Ол мемлекет шекарасының қауіпсіздігін, шекара тұтастығын қамтамасыз ету, Каспий теңізі секторында елдің экономикалық мүддесін қорғап келеді, – деген облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы Отан қорғаушыларға арналған мерекелік лебізін де білдірді.

– Азаматтық борышын Атырау жерінде өтеп жүрген барша сарбаздар мен әскери қызметшілерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Ықылым замандардан жауынгер рухты, жасампаз бабаларымыз бар ғұмырын ат үстінде өткізіп, ел іргесін күзетті. Бертіндегі Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, есімі аңызға айналған Бауыржан Момышұлының ерліктерін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Сол дәстүрді жалғастырып, туған елдің тыныштығын әуе мен жерде, шалқар теңізде көздің қарашығындай қорғайтын – біздің Қарулы күштеріміз. Ел іргесінің бүтіндігі, аспанымыздың ашықтығы мен азаттығымыз сындарлы саясаттың жемісі. Мықты қорғаныс күштері болса, тыныштығымыздың берік кепілі саналады. Азат елдің аспанында бейбітшілік әні шырқалуы үшін күндіз-түні кірпік қақпай күзетте тұрған Қазақстанның Қарулы күштері жасай берсін! Отан аман, ел іргесі бүтін болсын! – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Одан әрі салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры актерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым қойылды. «Жас ұлан» әскери ән байқауының жүлдегері, «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығының лейтенанты Айдар Негаев «Отан қорғау – парызым» әнін шырқады. Бұдан соң жергілікті көркемөнерпаздар сахна төрінде патриоттық әндерді шырқап, «Інжу-Маржан», «Камелия» би ансамблдері мың бұрала би билеп, кештің көркін қыздырды. Осылайша, бейбіт елдің көгінде қалықтаған қырандай қырағылықпен Отан қорғап жатқан азаматтардың еңсесін биіктетер әдемі кеш ұсынылды.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT