1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Ауданда жыл сайын бұл күн қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құрмет көрсетіледі.
Биыл да мерейлі мереке өз деңгейінде аталып өтілді. Мереке күні алдымен әр ауылдық округтен жиналған ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналар аудандық тарихи-өлкетану музейін аралап, аудан тарихымен танысты. Музейге қойылған әр жәдігердің тарихына үңілген қарттар қызығушылықтарын жасырмады. Тіпті, өздерінде бар кейбір музейге қоюға болатын құжаттар мен жәдігерлерді тапсыратындығын жеткізді. Бір сағатқа жуық музей үшін аралаған қарттарымыз естелік суреттерге түсіп, тарихи әңгімелерді де қозғады. Содан соң «Болашақ» мейрамханасында жүзге жуық қарт мерекелік дастарқан басына жиналды. Онда алдымен сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов:
– Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Қарттар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған игілікті істер әлі де жалғаса бермек. Дей тұрғанмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес, бүгінгі жас буынның басты парызы. Қоғам тіршілігіне тынымсыз араласу бүгінгі қарттарымыз тарапынан тұрақты үрдіске айналды. Сондықтан да, бүгінгі күнгі барлық құрмет, шынайы тілек пен ақ ниет қарттарға арналмақ. Денсаулықтарыңыз мықты болып, қуаттарыңыз қайтпай, халықтың ортасынан табыла бергейсіздер. Сіздерге әулеттеріңіз арасында қуаныш пен шаттыққа бөлене берулеріңізге тілектеспін, -деп мерекемен тұспа-тұс келіп отырған туған күн иелеріне құттықтау хат тапсырды.
Олар мерейлі сексен, жетпіс жасқа толып отырған тайсойғандық Табылды Ахметов, көздіғаралық Мағрипа Иманғазиева, тасшылғылдық Ақиба Бисенғалиева, сағыздық Сәуле Сәменова, миялылық Оңдаған Сартов, жангелдиндік Тынымбай Жұмағалиевтер. Дастарқан басына жиналған қарттар өнегелі әңгімелері мен жылы лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Сондай-ақ, ақ жаулықты аналар әсем ән айтып, «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары күмбірлете күй орындап, халық әндерін шырқады.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА